31.10.2017, 17:19
Оқылды: 41

«Әлемнің 5 миллиард халқы қолданатын латын әліпбиімен таныса бастаймыз»

 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылдың 26 қазанындағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына байланысты құрылған насихат тобы Қаратөбе ауданында болып, жергілікті тұрғындардың пікірлеріне құлақ асты.

Алқалы мәжіліске БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев қатысты.

Басқосуға төрағалық еткен аудан әкімі Жанат Асылханұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген қазақ әліппбиін латын графикасына көшіру мәселесінің қоғамға үлкен серпіліс бергендігіне тоқталып, келген меймандарға сөз кезегін ұсынды.

Мінберге көтеріліп сөз сөйлеген  БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Әділгерейқызы кириллицадан латын қарпіне көшуді ұлт болып шешім қабылдайтын уақыттың жеткенін, әлем елдерімен бәсекелестікке қабілетті болуға, шет тілін меңгере отырып, қазақ тілін жаңғыртуға мүмкіндік ашатындығына тоқталды.

- Елбасының биылғы жылғы бағдарламалық мақаласын шын мәнінде сананың сілкінуі, ойымыздың отарсыздануы, тарихымыздың түлеуі ретінде бірегей бағдарлама ретінде қабылдауымыз керек. Соған орай бүгінде кесек мәселелерінің бірі қазақтың жаңа төл алфавитінің бірінің бекітілуіне ерекше акцент беріліп отыр.

Ғалым ретінде бұл бұрында айтқан қазақ ғылымының дамуына бірден-бір алғышарт болатын таңба деп ойлаймын. Осыған дейін әлем халқының 250 миллион өкілі сөйлесетін кириллицамен жұмыстанып келсек, енді әлемнің 5 миллиард халқы қолданатын латын әліпбиімен таныса бастаймыз.

Бұл біздің таным көкжиегіміздің кеңейе түсіп, білім қорымыздың молая түсуіне сеп болары айқын, - деді алқалы мәжілісте сөз алған М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Сатыбайұлы.

Кезегімен сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов, Мұхит атындағы ЖОББМ-нің директоры Мираш Өтеғалиева, аудандық мәслихаттың депутаты Ирина Классен, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалының директор-редакторы Ертай Бимұханов жаңа әліпбиге көшу турасында өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале