20.07.2020, 9:07
Оқылды: 211

Әлеуметтік желі табыс көзі бола ма?

Қазіргі таңда интернет жастардың басты ермегіне айналды. Кез келген уақытта, кез келген жерде қосылып, өз алдына виртуалды әлемде жүретіндер көбейді. Қолданушылар саны артқан сайын әлеуметтік желінің қызмет аясы да кеңейіп, оны түрлі мақсатта пайдалану жолдары қалыптасуда.

9F80C69A-9147-412A-B62E-AF4EA7D525DB

Бүгінде ақпарат тарату үдерісін толықтай меншіктеп алған желілердің жарнама таратуда да бәсі жоғары. Әсіресе Facebook пен Instagram-да бір пост жазып, қыруар қаражат қармап қалатындардың саны күн санап артып келеді. Қазір жаһандық желі арқылы сауатты және озық мамандар үлкен қаражат табатыны туралы ақпарат ешкімді таң қалдырмайды. Ал қарапайым адамдар табыс тауып жүр ме? Әсіресе, интернет жылдамдығы баяу шалғай жатқан ауылдарда тұратындардың бұл жөнінен хабары бар ма? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында ауданымызда желі арқылы табыс тауып жүргендерді іздестіріп көрдік. Солардың бірі Жәнібек ауылының тұрғыны, студент Айгерім Ерғалиева. Ол Instagram желісінде бейнежазба жасау және бизнес парақшаларды жүргізу арқылы табыс табуда.

-Техникалық әлеуетке баса назар аударған уақытта адамдардың әлеуметтік желіні қолдану жиілігі өте жоғары. Сол себепті Instagram желісін пайда көзі ретінде көремін. Парақшамды мектеп кезінен жүргізіп келемін. Қазір бейнеконтенттің уақыты. Бейнежазба ауқымды әрі өзіне көп қызығушылықты тудыра алады. Бейнежазба – фотосурет толық жеткізе алмайтын шынайы атмосфера мен көңіл-күйдің жиынтығы деуге болады. Негізгі біліміме қосымша мобилография саласын меңгерудемін. Ол тек телефон арқылы бейнежазба жасауды жүзеге асырады. Телефон арқылы жасалған дүниені парақшама жүктеп, адамдардан көптеген тапсырыстар қабылдаймын. Тапсырыстар тек бір бағытты ғана емес, бірнеше бағытты қамтиды. Оның ішінде туған күнге құттықтау, жарнамалық роликтер бар. Қазір екі адамның бірі блогер. Әр блогердің өз аудиториясы бар. Бірақ олардың барлығын бірдей оқу мүмкін емес. Мұны дұрыс емес деп есептеймін өз басым. Шетелдік танымал видеомейкерлердің парақшаларын қарауға тырысамын. Себебі олардың парақшаларын қараған кезде өзіме пайдалы нәрселерді тауып, өз лентамда сондай дүниелердің болуына тырысып, бар ынтамды саламын, - дейді Айгерім өз сөзінде.

Биыл Айгерім ауыл шаруашылығы бағытындағы оқуды тәмамдап, маркетинг және жарнама жасау саласында білімін жалғастырмақ. Жас болса да қосымша табыс тауып отырған ол алдағы уақытта өзін жарқын күндер мен толағай табыстар күтіп тұрғанына сенімді.

Статистикаға сүйенсек, бүкіл әлемдегі интернет пайдаланушылар саны 4,5 миллиардқа жуық болса, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны 2,8 миллиардты құрайды. Биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2,9 миллиард болады деген болжам бар. Ал 2021 жылы тағы да 3 миллиардқа артып, виртуалды әлемнің көкжиегі кеңи түспек.

Әлеуметтік желі арқылы табуға болатын кіріс көзінің жолы әрқилы. Көптеген әлеуметтік желіні қолданушылар жарнама жасау, киім-кешек сату, желілік маркетинг арқылы өз тауарларын ұсынып жүр. Бір сөзбен айтқанда «ерінбеген етікші тебеннен тиын табады». «Тебеннен тиын тауып жүрген» аудан орталығындағы А.Оразбаева атындағы негізгі мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Гауһар Каюпова Instagram парақшасының тіркелушілеріне өзінің бизнесі, оның мүмкіндіктері туралы айтып, қосымша табысқа қол жеткізе алатындарын түсіндіреді. «С физрука в бизнес леди» деген Instagram парақшасы көз тартарлық. Бірақ салған посттарының көбі орыс тілінде.

-Иә, мұны өзім де байқаймын. Қазақ тілінде жазып, соны әдетке айналдырғым келеді. Бірақ менің тіркелушілерімнің арасында басқа да ұлт өкілдері бар. Парақшамды 2017 жылы ашып, фотосуреттер сала бастадым. Ол кезде Instagramның не екенін мүлдем білмейтін едім. Уақыт өткен сайын үйреніп келемін. Негізі пост салу, контент құрудың бәріне арнайы оқу керек. Парақшаң қызықты болып, оқырмандарың белсенділік танытуы үшін салған посттарың да соған сәйкес болуы тиіс. Қазіргі таңда екінші парақшамды ашып, BitSpace мобильдік қосымшасы туралы түсіндірудемін. Бұл жаңа IT технология. Қосымша арқылы ойын ойнап, сол ойынның қадамдарынан өтіп, серіктес қосып қосымша ақша табуға болады, - дейді Гауһар.

Тағы да статистикаға көз жүгіртсек. бүгінде Instagram желісі әлем бойынша ең танымал 10 желінің қатарында. Тізімді 1,6 млрд. қолданушысымен Facebook бастаса, YouTube-ті 1 млрд. адам қолданады екен. Instagram миллиондаған адамның жиі бас сұғатын әлеуметтік желісі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлеуметтік желі қосымша табыс көзі бола алады екен. Жолын таба білсеңіз, қолыңыздан келген істің бәрін табысқа айналдыра аласыз.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале