10.05.2018, 10:43
Оқылды: 37

Алғабаста жерлестер форумы өтті

Алғабас ауылдық округінің орталығында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» арнайы жобасының аясында жерлестер форумы өтті. «Туған жер – тұғырың!» атты форумының жұмысына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, тіл жанашыры, қоғам қайраткері Мақсот Берген, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов және Алғабас ауылында дүниеге келген бірқатар азамат қатысты.

Алғабас ауылдық округі – халықаралық маңызы бар күре жолдың бойында орналасқан Сырым ауданындағы тірек елді мекендердің бірі. Ауылдың басты шаруашылығы – мал. Округте 2 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысады. Округтің осындай сипаттамалары жергілікті әкім Мейірбек Хасановтың хабарламасында кеңірек айтылды. Округ әкімі хабарламасынан кейін форум қатысушыларына «Туған жер» жобасы аясында атқару үшін бірқатар жобаларды таныстырды. Олардың ішінде ауылдағы ескі саябақты жастар саябағына айналдыру, ауылдың кіреберісіндегі мүсінді жаңғырту мен айналасын абаттандыру және зираттың айналасын қоршау сияқты жобалар бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қаражат, қаражаттан бұрын тұрғындардың тарапынан ауылға болсын деген ниет керек. Алғабастықтар жаңағы жобаларды қолдауға дайынбыз деп отыр. Ауыл тұрғындары Сасықкөл және Жаңаөңір ауылдарындағы мектептердің ахуалына да алаңдаулы.

Қолында барын туған ауылына беретін азаматтар елде аз емес. Мәселен, осы ауылдың тумасы, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, «Мақсат» медициналық колледжінің директоры Мақсот Бергеннің өмірінде осы сөзімізге нақты мысал көп. Кешегі форумда Мақсот Қабошұлы әуелгі салтымнан танбаймын, осыған дейін жасаған жомарттық жомарттық па, енді асып түспесем, кем түспеймін деп айтты. Ұсынысқа бас изеу аз, нақты әңгімелер айтылу керек деп, қолынан келетін көмекті сол жерде кесіп-пішіп айтқан ауыл азаматтары да болды сол жерде.

«Ауылдың көркейгені керек.Ол міндет – басқалардан гөрі, сол ауылдағы тұрғындардың мойынында. Ауылдас деген сөздің өзі адамды ауылға жақын етеді. Ауылға еңбек ететін уақыт келді, ауылдастар!»  - деп тебірене сөйледі ардагер ұстаз Рысханым Дәулетова форум мінберінде. Ауылдың ақыны Тарғын Қошқарбаев форумның түпкі мақсатын, ауылды сақтау идеясын бір өлеңге сыйдырыпты. Форумда автор өлеңін оқыды.

Форум жұмысы ауыл көркемөнерпаздарының концертіне жалғасты.

Осы күні Алғабас ауылында  өзі тұрған үйдің қабырғасынан Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының және «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері, еңбек және тың ардагері, Сырым ауданының Құрметті азаматы Әділхан Наурызғалиевқа арналған ескерткіш тақта ашылды.

Форум қатысушылары үшін «Айсана» мейрамханасында дастархан жайылды.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале