27.05.2020, 6:53
Оқылды: 47

«Анамды қайда апарамын?»

Ол түн болмаса екен деп тілейді. Себебі түнде оған мұң - қайғысымен оңаша қалуына тура келеді. Оның тағдырына қоятын сұрақтары өте көп. Кейбірінің жауаптарын анасы білетін секілді. Бірақ айтпайды. Міне, ол бүгін де ұйықтай алмай жатыр.

oznor

- Біз сенімен мәңгі біргеміз! Сені тастамаймыз! – дейді Қайғы мен Мұң.

- Жооқ! Мен сендерден түбі құтыламын, – дейді ол ызаланып.

Әр түн сайын оның жүрегінде Тағдыры мен Өзінің ащы айқайы жүреді.

Моласай жақтағы жалдамалы үйдің ағал-жағал, қисық-қисық қабырғасы оның тағдырының тасқа басылған суреті секілді. Бұл баспананы Құдайға қараған бір азамат анасы екеуіне паналай тұрыңдар деп берген. Қазір осы жерде тұрып жатыр. Ескі тамнан ыстық тамақтың иісі шықпағанына, жарқын күлкінің естілмегеніне біраз болды. Үй ішін өлі тыныштық күңірентеді. Ол тыныштықты іргеден азынаған желдің дауысы мен ауруымен арпалысқан анасының ахілеп-ухілеген зарлы үні бұзады анда-санда. Зар да, жел де, бәрі де оның шұрық-тесік жүрегінен өтіп жатыр. Таң атса екен...

***

Арман болған таң да атты-ау. Үйдің сынық әйнегінен сығалаған күннің сәулесі оның Қайғысы мен Мұңын қуып жіберді. Бірақ олар алысқа кеткен жоқ. Түнде тағы келеді.

Керіліп, маужырап жата алмады. Үйдің іші суып кетіпті. Биылғы көктемнің ызғары қатты. Газ жоқ. Күл алып, сырттан отын кіргізіп, от жағу керек. Суық бөлме анасының ауруына ауру жамайды. Темір плитаның үстіне шәйнекті қойды. «Ырыздығым ғой!» - деп қара шай ішті. Карантин болмағанда ғой... Жымпитыдағы мейрамхана, кафелердің жұмысы сол карантиннің кесірінен уақытша тоқтап тұр. Әйтпесе, екі-үш күн даяшы болса болды, еңбегіне ақша әрі азын-аулақ тағамдар алып, анасы екеуі шайды сүтпен ішіп отырмас па еді?

***

Ол осы оразада ауыз бекітті. Басқалар сияқты «Семіріп кетіппін. Ораза ұстап, кішкене арықтап алмасам!» деп немесе «Ертең айнала ауызашарға шақырады. Ораза ұстамай, барып отырған ұят болар? Қой, ұстайық!» деп ұстаған жоқ ол. Оның осы күнге дейін көрген қиындығынан биылғы ораза құтқаратын секілді. Алла құлын байлықпен де, кедейлікпен де сынайды. Оны да жоқтықпен бір сынап көрген шығар. Мүмкін, осы Рамазанда Алла оның ниетін қабыл етер? Мүмкін, анасының денсаулығы түзелер? Мүмкін, Құдай оларға баспана нәсіп етер? Мүмкін...Мүмкін...Бәрі де мүмкін...

Бір күні оның үйінде ауыз ашатын да дәм болмай қалды. Жалғыздық, жоқшылық дегеннің бәрі тегін емес. Түсінсе, ол – Алланың қаталдығы емес, мейірімі. Алла оны өзіне шақырып тұр. «Мешітке баруым керек» деп ойланып жүргеніне көп болған. Былай-былай өткен сайын Жымпиты мешітінің жасыл мұнараларына сүйсініп қарап өтетін. Қасиетті үйдің қара есігі оған «Кел! Кірсеңші... Ағайыныңның, туыс-бауырыңның есігі жабық болғанмен, мен ашықпын саған! Кір! Сұра, Алладан!» - деп тұрғандай.

Ақыры бұл есікке де жетті-ау ол. Ол бесіктен белі шыққаннан бастап Жымпитыдағы мешіттің босағасына жеткенше жалғанның қанша жолын жүріп өтті? Ол көрмеген қиындық, ол табанын тілмеген тікен, ол маңдайын ұрмаған тас қалды ма?

Ол 1997 жылы Жетікөлде дүниеге келді. Әкесін көріп үлгермеді. Анасының айтуынша, ол көрінген жылы әкесі өзіне қол салыпты. Жесір қалған жар мен жартылай жетім қалған төрт бала ағайынға сыймады. Бұл жерде кінә ағайыннан ба әлде келіннен бе, кім білсін? Олар ауылдан кетті. Қаланың бергі жағындағы қазіргі Жаңаөңір ауылы, бұрынғы Шаған – олардың бірінші тоқтаған орыны, алғашқы жылы ұялары еді. Жылы ұяны анасының қолындағы арақтың шөлмегінен сорғалаған ащы су суытты. Береке кетті. Тағдыр оның бауырларын жан-жаққа лақтырды. Өзі Ақсай қаласындағы мектеп-интернаттардың біріне кетті. Ұшып үйренбей тұрып, ұядан құлап кеткен балапанның күйін кешті ол. Ақсайдан Бөрлі, Бөрліден Орал. Шағандағы үйді жақындардың бірі ақылдаспай сатып жібергесін, олар Оралға келіп пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. 4 – 5ші сыныптарды Орал қаласындағы №33 мектепте оқыды. Оқыды деген аты ғана, білім алып жарытқан жоқ. Оқығысы келмегеннен не еркеліктен емес. Жоқтық 8 жасар оның белін буып, базарға апарды. Жүк тасушы болып жұмысқа тұрды. Күніне 1500 – 2000 теңге табады. Балық тазалап, кафелердің еденін жуып жүрген анасына оның табысы едәуір көмек. Аналары балаларының әкелерінің жоқтығына байланысты Үкіметтен жәрдемақы алатын. Бірақ қаланың алып аранына қай табыс та жұқ болмайтын.

Жұмыс оның білім алуына шынымен кесірін тигізді. Бір мектептен шығып, екіншісіне ауысты. Сегізінші сыныптан көшірілмей, келесі жылға екі мәрте қалдырылды. Жасы 16-ға толғаннан кейін төлқұжат ала алмай қиналды. «Елім ғой, бір реті болар!» - деп Жымпитыға келді. Қай ағайынның үйінде жеңгей шай әзірлеп күтіп отыр дейсің, сол жолы да ол мешітке келген. Мешіттің найб имамы Санат Кәрімов бауырының жағдайын түсініп, өзінің үйіне тіркеуге алып, оның құжат алуына көмектескен еді.

Ол ерінуді, жұмыстан тартынуды білмейтін. Бірақ өзінің қара жұмыстан гөрі, ыдыс-аяқ, ас-тамаққа икемі бар екенін байқағасын, сол салада еңбек еткісі келді. Нәпәқа табамын деп жүріп, Ақтөбеден бір шықты. Қаладағы «Арт Сақ» кафесінде даяшы болып қоғамдық тамақтану кәсібінің қыр-сырын үйренді. Даяшылықтан аспаздың көмекшісі деген лауазымға көтерілді. Кейін Ырғыз ауданындағы, жолдың бойында тұрған «Айнагүл» асханасына аспаз болып жұмысқа тұрды. 2 жыл еңбек етті. Үйренді, шыңдалды. Бірақ қайтадан Жымпитыға қайтты. Себебі анасы бар ғой...

Апалары тұрмысқа кетті, ағасы бір ауылда біреудің малын бағады. Ауыр тұрмыс, берекетсіз орта анасының денсаулығын алды. Бір көзінде – хрусталь, бір жанары мүлдем отсыз. Көрмейді. Аяғы ісік. Қан қысымы екі күннің бірінде көтеріледі. Ауру анасын тастап, ол қалай жұмыс жасап, тыныш жүре алмақ? Ол ондай арсыз, тексіз жігіт емес. Бірақ біреудің уақытша паналауға берген жыртық үйінде ауру шешені қалай күтіп-баптайды? Бір күні иесі келіп «Үйді босат!» - десе ше? «Анамды қайда апарамын?»

...Мешіт есігінің тұтқасын ұстап тұрып, ол өзінің тағдырын көз алдынан бір өткізді. Қиындық, кедейлік, ауыртпашылықтың бәрі өткен өмірімде қалса, мешіттің есігі арқылы, жаңа, бақытты, қайғысыз, мұңсыз өмірдің ішіне еніп кетсем ғой деп ойлады. «Бисмиллях!» - деп мешіттің ішіне кірді.

Әрі қарай не болғанын Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамы Әділхан Наурызбайдан сұрадық:

- Алланың қалауымен, бауырымыз мешітке келді. Өзі жұма намазынан қалмайтын, иманжүзді жігіт екен. Көп әңгіме айттық, сырластық. Тағдыры ауыр екен. Замандасым болса да менен көргені көп. Тауқыметтің небір түрін көріп, жақсылықтың бір сәулесін іздеп, Алланың үйіне келіпті. Бір-біріне жәрдем бермесе, қарайласпаса, мұсылманның несі мұсылман? Бауырымызға мешіттің қорынан бір айлық азық-түлік алып бердік. Ауданның басындағы бір жомарт азамат оны ескі үйінен шығарып, жаңа, жайлы, газбен жылытылатын таза пәтерге көшіріп, екі-үш айдың пәтерақысын алдын ала төлеп берді. Міне, жүректің жылуы!

Өзі – еңбекқор! Мешіттің шаруасына көмектесіп жүр. Пайда болсын деп азын-аулақ еңбегін берудеміз. Қуанышты жаңалығымыз сол – ол жақында намазға тұрды! Алла оған өзі сүйген, жақсы көрген құлдардың қатарында болуды жазыпты. Сондықтан өмірдің ауыр соқпағымен жүргізіп, жайнамаздың үстіне шығарды.

Бауырымыз біздің көмекке зәру. Оған баспана керек! – дейді имам.

Иә, оған баспана керек. Науқас анасын емдету үшін, өзі жұмысқа тұру үшін де – белгілі бір мекенжайға тіркелген болу керексің? Оларды кім үйіне тіркей қояды? Мекенжайлық тіркеуі болмағасын анасы да ауруына байланысты мүгедектік жәрдемақысына құжат тапсыра алмай қолы байланып отыр.

Әрине, «Анасы әуелде неге былай жасамаған?», «Бауырлары неге бірікпейді?», «Ағайындары қайда?» деген сауалдарды бәріміз де қоя аламыз. Кейде бұл сұрақты біздің кейіпкеріміздің өзі де өзіне қояды. Жауап жоқ! Бәлкім ол сауалдардың жауабы – тағдыр! Ал адам тағдыры үшін кінәлі емес!

*** 

Көргеніңіздей, Жымпитының көшесінде осындай тағдырлы жігіт жүр. Туғанынан жалдамалы пәтерде өмір сүріп келе жатқан оның арманы – үйлі болу. Сол үйде анамды бақсам, қолына келін түсірсем, мен де бір бақытты ғұмыр кешсем дейді. Біз бұл бауырымызға көмектеспекке бел будық.

«Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің осыған дейін «Газеттен жасалған үй!» жобасы аясында 1 көпбалалы жанұяға үй сыйлап, 3 шаңыраққа газ өткізіп бергенінен хабардарсыздар! Оны біз жалғыз жасадық па? Жоқ, оқырманмен, елмен бірге жасадық! Алла қолдап, халық жәрдем бергесін ғана ісіміз оңынан жүрді. Осы жолы тағы да елге, ақжүрек ағайынға сеніп отырмыз. Аудан орталығында үйдің бағасы қымбат. Бірақ 2 миллионды шамалайтын, жаңағы бауырымыз бен анасына ыңғайлы үйлер бар. Соны сатып алып, сыйлағымыз келеді. 2 миллион теңге бір қарағанда қыруар сома болып көрінеді. Алайда, 2000 адам 1000 теңгеден жинаса, сол қаржы шығайын деп тұр екен. Жомарттықты 1000 теңгемен шектемейміз. 500 теңге бересіз бе, 50 мың теңге бересіз бе, патша көңіліңіз білсін! Сауапты іске атсалысамын десеңіздер, мешіт жамағатының бірінің есепшотын мақалаға тіркедік.

Темірлан Ғаббасов

Kaspi GOLD 5169497172826061

8 705 554 81 16;

 Қосымша сұрақтар үшін: 8 705 512 16 44;

 P. S. Біз мұқтаж бауырымыздың атын атап, суретін көрсетуді жөн санамадық. Өмірін баяндағанымыздың өзі жетер деп ойладық. Қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүріп түйгеніміз, жәрдемдескісі, жомарттық жасағысы келетін иманды жанға адамның аты-жөні маңызды емес екен. Олар мұқтажға жәрдем бергенше асық.

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсақ, үйге зәру жанұялар көп екеніне көзіміз жетеді. Олардың біздің бауырымыздан артықшылығы – тар болса да, ескі болса да, апатты болса да, бастарында үйі бар. Ал біздің кейіпкерде ол да жоқ! Алла қалап, бір ай жинармыз, бір жыл жинармыз, үй сатып алармыз. Оған дейін оның пәтерақысын төлеуге жәрдем жасаймын, айлық азық-түлігін, анасының дәрі-дәрмегін алып беремін дегендер болса, тіпті қуанар едік. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жігіт – бесаспап аспаз! Қолынан қазақ, орыс, тіпті өзбек асханаларының тағамдарын дайындау келеді. Жұмысқа аламын дегендерге - таптырмайтын маман!

Ел болып, қазақтың бір баласының жыртығын жамап, барын бүтіндеп жіберелік!

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале