10.10.2017, 18:06
Оқылды: 75

Аңқаты ауылының құрылғанына 85 жыл толды

Теректі ауданы Аңқаты ауылының 85 жылдығы аталып өтті. Тойдың төріне ауылдың өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен қазыналы қариялар жайғасып, аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уалиев құттықтау сөз сөйледі. 

Шара аясында сахна төріне ауылдың құрметті ақсақалдары шақырылып, Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен бірге, дүркіреген тойдың өтуіне мұрындық болған қожалық басшылары, жеке кәсіпкерлер және ауыл тұрғындары да ұмыт қалмады.

Той болғасын халықтың көзі спорттық додаларда ғой. Алдымен, екі шақырымға созылатын марафон ұйымдастырылды. Марафонда жүйріктердің жүйрігі боп Нұрболат Мұхитов (Рыбцех ауылы) танылды. Үздіктердің қатарында қос аңқатылық Ғаламат Батырғалиев және Қасиет Ғалымжанов болды. Ауылдың атпалдай азаматтары қой көтеріп жарысып, әркім өз мықтысын қолпаштап отырды. Бұл сында Рыбцех ауылының тұрғыны Досым Теміров қойды 49 рет көтеріп, жеңімпаз атанды. Күрес дегенде делебесі қозатын қазақ жауырыны жер иіскемейтін палуандардың бәсекесіне көз тіккен болатын. «Түйе палуан» аталымында аңқатылық Миржан Орынбасаровқа тең келер мықты болмады.  Тұяқтары тыпыршыған тұлпарлар бәйгеде бақ сынап, қиқулаған халықтың дауысынан құлақ тұнды. Тай жарыста Талпын ауылының тұрғыны Кәкім Темірдің «Шер» атты сәйгүлігі мәрені бірінші боп кесті. Ал, топ жарыста тағы бір талпындық Аманжол Нықмұхановтың «Сүйін қара» атты тұлпарының жеңісіне көпшілік тәнті болды. Жорғада аңқатылық Серікқали Ахметовтың «Синхромы» бас жүлдені ешкімге бермеді. Серікқали баптайтын «Білезік» атты сәйгүлік аламан бәйгеде топ жарып, озып келді.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар ұсынылды.

 Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале