6.12.2019, 11:16
Оқылды: 533

Әнші, термеші Баян Қабиева «Еңбек жолы» республикалық байқауының жүлдегері атанды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы арнайы комиссияның шешімімен еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлері арасында жыл сайын өтетін «Еңбек жолы» республикалық байқауының қорытындысы жарияланды.

qaztalov (1)

Байқау жұмысшыларды танымал ету мақсатында өткізіліп, «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымдардан үздіктер анықталды.

Жүлдегерлер 4 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында марапатталды. "Әлеуметтік инновациялар жолы Жалпыға ортақ еңбек Қоғамына қарай" атты республикалық форум ұйымдастырылды.

Форумда батысқазақстандық әнші, термеші, "Қыз Жібек" халықтық ансамблінің жетекшісі Баян Қабиева "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" аталымында "Көрермен көзайымы" дипломымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Атақты әнші қаншама шәкірт тәрбиелеп, өнердің биігіне қанат қақты десеңізші. Солардың бірі өнерлі бүлдіршіндерден құралған Қазақстан көлемінде ғана емес, шет елдерге де шығып, жүлде алып жүрген «Қыз Жібек» термешілер ансамблі.

Бұл күнде өз тыңдаушыларын тапқан термешілер үнемі халықтың ықылысына бөленіп, екі-үш дауыста орындап қана қоймай, жаңаша, домбыраның әсем күмбірімен үндестіре білді.

qaztalov (2)

Көңілдегі көрікті ойды жыр маржанымен кестелеп, көркем шумақтан шабыт тудырған жас балғын термешілер Чехия, Германия, Болгария, Венгрия, Ресей елдеріне өнер көрсетіп, жұртшылықты таң қалдырып, қазақтың қара домбырасын әлемге танытты.

 Естеріңізге сала кетейік, жерлесіміз "Еңбек жолы - 2019" конкурсының облыстық кезеңінде "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" атанған еді.

Жұлдыз Асқар,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале