11.12.2019, 16:17
Оқылды: 196

Әр аспаз шығармашылық адамы

Біз жазып отырған кейіпкер ерекше аспаз. Данияр Бөлеков ер де болса бұл жұмысты жаны сүйіп жасайды.

Қызметіне аса жауапты, үнемі ізденіс үстінде жүретін кейіпкер тағам дайындаудың небір сырларын бізбен бөлісті.

-Аспаз болу балаң арман болмаса да үйдегілермен жағаласып, үнемі ас дайындайтынмын. Анам кішкентай кезімде неше түрлі тағамдар пісіргенде қызыға қараушы едім. 9-сыныпты тәмамдап, аспаздар даярлайтын №6 мектепте оқыдым. Мектептен 4 разрядты иеленіп, кейін 5 разряд және кондитер дипломын алдым. Аспаздық әлемге енгеніме де 13 жыл болыпты. Орал қаласының көптеген келісті мейрамханаларында қызмет етіп, тәжірибе жинадым. Бұл мамандықты тек оқу арқылы игеру қиын. Алдымен осы мамандыққа деген бейім, ынта болу керек. Аспаздық адамның ой-қиялына ерік берілгенде ғана атқарған еңбегіне өзің де, өзгелер де ләззат алады.

aspaz

Жұмыс істеп жүргенімде небір керемет аспаздарды кездестірдім. Аспаз болу әркімнің қолынан келе бермесе де тағамды дәмді етіп пісіру тек әйел затына емес, ерлердің де қолынан келеді деп ойлаймын. Былайша айтқанда әр аспаз – шығармашылық адам. Тамақ пісіру үшін фантазия керек. Алғаш рет «Балзия» кондитерлік цехінде, кейін «Аль Денте», «Тамаша», «Эльдивино» мейрамханаларында аспаз болып қызмет атқардым. Мейрамханаға келушілер пицца, өзбек палауы, түрік донері және фастфуд өнімдеріне көп тапсырыс береді. Бірақ қазақтың дастарқаны бұдан да бай деп есептеймін, - деді Данияр.

Кейіпкеріміз қазіргі уақытта Атырау қаласының «Cocrealty» компаниясында бас аспаз болып жұмыс жасайды. Даниярдың айтуынша, кейде қатты шаршайтын кездері болады. Вахталық жұмыста 2000-3000 жұмысшыға бір уақытта тағамның түр-түрі дайындалады. Осы себептен де аспаз болу үлкен шыдамдылық пен жігерлілікті қажет етеді. Әрине, таң атқаннан кеш қарайғанға дейін аяғынан тік тұрып, меймандарға тағам даярлау оңай емес.

Даниярдың жұбайы Әдемі:

– Үйде тағамды өзім дайындаймын. Қонақ келгенде кей тамақты жолдасым пісіреді. Мен көбіне қазақтың тағамдарын әзірлесем, жолдасым ірімшік соусы мен гратинді картоп қосылған сиыр етінен жасалған стейк, кілегей соусындағы күркетауық филесі, ірімшік тұздығындағы тауық еті және өзге тағамдарды дайындағанды ұнатады. Асымызды қонақтар сүйсініп жеп отырғанын көргенде керемет бір сезімге бөленесің, - деді әңгіме барысында.

Осылайша аспаздық өнердің қыр-сырына қанығып, нәзік жандылардың ғана ісі емес екеніне көзім жетті.Жігітке жеті өнерді аз санайтын кейіпкеріміз еш шаршауды білмейді. Үйідің де, түздің де шаруасын бес аспап білгірлікпен атқарып жүрген Данияр бүгінгі күндегі жұмысқа құлқы жоқ жалқаулықты ту еткен ерлерге үлгі көрсетуде.

Әсем Болат

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале