18.07.2017, 15:24
Оқылды: 23

«Әр гектарға 8-10 мың теңгеден демеуқаржы төленуде»

Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Арман Исқақовтың бізге берген мәліметі бойынша, Жәнібек ауылының тұрғыны Бейбіт Даумов былтыр шаруа қожалығын ашып, Қамысты ауылдық округінің аумағынан 400 гектар егістік жер алған екен.


Сол жылдың күзінде 200 гектар жерді жыртып, дайындалған сүрлем жерге көршілес Ресейден көпжылдық шөп (жоңышқа, еркекшөп) пен арпа тұқымын сатып алып, оның 100 гектарына шөп, 100 гектарына арпа дәнін еккен. Биыл сәуір-шілде айлары аралығында жауын-шашынның мол түсуі екпе шөптердің жақсы көтеріліп, бітік шығуына оң әсерін тигізіп отыр. Арпаның шығымдылығы гектарына 15 центнерді құрайды деп күтілуде.

-Біздің өңірдің климаттық жағдайын ескере келе, тек жерді өңдеу агротехнологиясын қатаң сақтау арқылы, яғни жерді сүрлемдеген жағдайда ғана кепілді өнім алуға болатындығы кеңес үкіметі кезінде дәлелденгендігін біз жақсы білеміз. Бұйырса, азын-шоғын егістігімізді жинап болғаннан кейін күздік бидай егуді жоспарлап отырмын. Осы орайда үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да үлкен септігін тигізуде, соның нәтижесінде мал азығындық дақылдар егілген әр гектарға 8-10 мың теңгеден демеуқаржы төленуде,- дейді Бейбіт Қадерұлы.

А.ЕСІРКЕПОВ

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале