16.01.2020, 13:08
Оқылды: 233

Арақсыз ауылдың айтары бөлек

40 жастағы Құралай төрт баланың анасы. Қуықтай пәтерде тұрса да күнделікті тапқан-таянғанын балаларының тамағына жеткізіп отырады. Себебі, күйеуі Бақтиярдың вахталық жұмыста деген құр сөзі болмаса түк пайдасы жоқ. Нәпақасына нан емес, шарап алуды әдетке айналдырғанына да біраз уақыт болды. Бірақ арам судың жалғасы мүгедектікпен нүкте қоярын кім білген?! Жол-жөнекей жолыға қалса Құралай апа үйдегі қиындықтан қатты шаршағанын жиі айтатын. Бұл жолы өзім бастап әңгімеге тарттым.

araq

«Арам судың кесірінен біз сияқты қаншама отбасының шырқы бұзылды. Жетер жерге жеткізбей қоймайтын улы дәрмек тәрізді. Адамды азғыра береді. Бақтияр бастапқы кездері көп іше қоймайтын еді. Әуелі қарапайым жұмыс жасап, кейін жұмысы жоғарылады. Қалтасы қалыңдай бастағаннан ба, әлде ортасынан ба, әйтеуір, шарапқа әуес. Ылғи оразасын арақпен ашатын. Тежеу мүмкін емес екенін біліп, еш әрекет жасамадым. Бірде түн ортасында ұялы телефоныма белгісіз нөмір қоңырау шалды. «Алло, кім екен?» дей бергенімде «Сіздің жолдасыңыз көлік апатына түсті» деген сөзді естіп, есеңгіредім. Бірақ бір жағдай боларын әу бастан сезгенмін. Ащы су дегеніне жетті. Жаратқанның ескертуі мен сынағы шығар, жолдасым аман қалған. Тек өкініштісі, бір қолына зақым келіп, бір аяғы сынған. Бастысы тірі екеніне тәубе дедік. Қазір анда-санда таяқпен болмаса, аяғын өз еркімен баса алмайды. Оң қолы да тамақ ішуге жарамсыз. Болған оқиғаға іштей өкінеді. Не пайда? Балаларының алдында арам судың зардабын тартып, өз-өзін тірідей мүгедек жасады», - деп жылады Құралай апа.

Кейіпкеріміз балаларының болашағына алаңдаулы. Әкелері сияқты арам судың құрбаны болып кетпесе екен деп тілейді. Әлбетте, бұл оқиға Бақтияр ағаға сабақ болды (кейіпкерлердің есімі өзгертілді).

Біз шараптың кесірінен шырқы бұзылған бір ғана шаңырақты баяндап отырмыз. Сіз бен біздің жанымызда, яғни күнделікті өмірде қайталана беретін тоқтауы жоқ тірлік бұл. Шыны керек, қазіргі той-жиын шарапсыз өтпейді. Тіпті, атасынан қалған судай сіміріп ішетіндер азаяр емес. Бір қынжылтатыны, дастарқан басында шараптың болуын қолдайтындардың дені – қариялар бен ақ жаулықты аналар. Қарсы шығып, қақпайлап жатқан үлкендер жоқ. Керісінше баласымен, бауырымен, қала берді келінімен қағысып ішетіндерді де көріп жүрміз. Арақ ақсақалдарды да ақылынан айырған-ау шамасы деген ой түйеміз.

-Тойдағы әдепсіздік ақтап алуға келмейтін әрекет. Замандастарымыз кейбір үлкендеріміздің құйтырқы қылықтарын қызықтап қарайтын жағдайға жетті. Тойдың мақсаты не еді? Әулеттің бас қосатын жиыны, рухани азық алатын жер деп қабылдауымыз қажет. Бірақ біз жақсы дүниелерді ұмытып жүрміз. Тойда қазақылығымызды таныту үшін нені жоюмыз керек? Міне, әуелі санамызды улап тастайтын арақтан арылу. Бірден жоқ қылмасақ та ақырындап тыйылуымыз үшін қоғам болып күресуіміз тиіс, -деп қынжылады Мирлан.

 Мирлан бала кезден-ақ бойына жат нәрсені үйір қылмағанын айтады. Жас кейіпкеріміздің бес уақыт намаз бастағаннан кейін тек халал тойдан ғана табылатынын байқаймыз. Мирлан сияқты жастарымыз көбейсе игі. Ол үшін алдымен үлкендер дұрыс жол сілтеуі қажет.

Ағайынның қуанышына ортақтасқанға не жетсін?! Алайда, кейбір туысқандардың тойында бауыры үшін төрдегі арақтан бас тарта алмайтыны өкінішті жәйт. Жақында Орал қаласынан бір танысымды кезіктіріп қалдым. Жуырда жалғыз інісінің тойы екен. Әйтеуір, тойға дайындықпен шапқылап жүргенін айтты. Өзі әңгімешіл Әйгерімнің көңіл күйі жабырқау көрінді. Себебін сұрағанымда ата-анасының арақсыз той өткізуге қарсы екенін айтты. «Жалғыз ұлымыздың тойы. Достарымыздан ұят» дейді екен әкесі. «Кейде барлығы осы араққа жақындамаса ғой. Ата-анам да дастарқанға қоюды ойламас еді», - деп жабырқады Әйгерім. Бір адам емес, бір ауыл арақтан бас тартса екен деген тілек бәрімізде де бар. Бірақ, оған шамамыз жете қоя ма? Дүңгіршектерге кіргенде қаздай тізілген арақ-шараптың түр-түрін көресің...

Жуырда Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Боралдай ауылы тұрғындарының дүкен сөрелеріндегі спиртті ішімдіктерді жинап алып, шұңқырға төгіп жатқан бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап кетті. Боралдайлық ағайынның бұл әрекетін қолдап жазғандар да, сынағандар да болды. Жиыннан басталған жақсы істі ауыл ақсақалдарымен бірге жеке кәсіпкерлер де қолдады. Жастардың бастамасын сәтті жүзеге асырған тұрғындар болашақта бұдан да бөлек бірқатар игі іс атқарып, Боралдайды үлгілі ауылға айналдыруды мақсат етуде.

Осылайша алақандай ауыл бір мезетте арақтан бас тартып, бүкіл Қазақстанға үлгі болды. Казталов ауданында да арақ сатылмайтын дүкендер бар. Дүкен иелері кімдер? Ел-жұрт етене білсін деген мақсатта тоқталуды жөн көрдік. Қараоба ауылында арақсыз саудасын жүргізіп отырған кәсіпкер «Ибатов Зейнетолла» жеке кәсіпкерінің жетекшісі Нұрсұлтан Ибатов көпшілікке үлгі боларлықтай азамат. Ағамыз арақсыз-ақ шаруасын дөңгелетіп отыр. «Жібек жолы» деп аталатын шағын кафесі мен 2 дүкені бар. Ешбіреуінде де арақ қойылып, сатылмайды. Ағайынның арасында бірлік бар деген осы. Берекесі мен бірлігі жарасқан кәсіпкер жайлы осылай сөз сабақтадық. Аудандағы басқа кәсіпкерлер Нұрсұлтан ағадан үлгі алса екен дейміз.

 «Арақсыз ауыл» бастамасын сөз емес, іс жүзінде жүзеге асыруды әрі қарай ауылдағы ағайынның еншісіне қалдырдық.

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале