16.01.2018, 16:08
Оқылды: 23

Ардагерлер орталық музей ашуды ұсынды

Жастарды өткеннен тәлім алып, тарихты мақтан тұтуға тәрбиелеу мақсатында аудан орталығынан музей ұйымдастырылуы қажет. Елді рухани жаңғырту бағытындағы игі істердің бастауында да музей ашу ісі тұрғаны жөн.

Бұл туралы аудан әкімі Асхат Шахаровтың аудандық ардагерлер кеңесі Президиум мүшелерімен кездесуінде сөз болды.

Аардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Мендалиев кеңестің соңғы жылдары атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып, аудан басшысына кезек ұсынды.

– Ардагерлер кеңесі әрдайым өткір мәселе қозғап, байсалды ұсыныс жасап жергілікті басқару ісіне белсенді ықпал ете алады. Ортақ істің тиянақты атқарылуы үшін қосып келе жатқан белсенді үлесіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазір елімізде қоғамның рухани жұтаңдығы, жастар тәрбиесінің кемшіндігі, әсіресе балалардың еңбек тәрбиесінің олқылығы көп көтерілетін мәселеге айналды. Бұның шешімін біз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласында көзделген міндеттерді іске асыру арқылы реттейміз деп айта аламын.

Әр округте рухани жаңғыру бағытындағы іс-шаралар жоспары нақтыланды. Онда жастардың рухани тәлім алуы үшін кітап оқуға жұмылуы, ел, жер тарихын зерделейтін экспедицияларға шығуы, мамандық таңдап, кәсіп игеруіне қолдау білдіретін шаралар бар. Қоғамның жаппай жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылуы үшін әр адам өзі қалаған ісімен айналысуы қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ халқымыздың қолайлы жағдайда өмір сүруі үшін елімізде ауқымды шаралар атқарылуда. Ауданның логистикалық құрылымы жаңартылып, жолдар жөнделіп, әлеуметтік инфрақұрылымы жақсарып келеді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады, - деген аудан басшысы Асхат Берлешұлы ардагерлерден ұдайы тың ұсыныс күтетінін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған еңбек ардагері Н.Анципрович қолда бар тарихи жәдігерлерді бір жерге топтастырып аудан орталығынан музей ашуды ұсынса, С. Құлымбетов Дариян ауылынан шыққан Социалистік еңбек Еріне мүсін орнату және 1937 жылы туған жандарға «Тыл ардагері» статусын рәсімдеу мәселесін күн тәртібіне шығаруды алға тартты. Өзге де президиум мүшелері ауылдардың абаттандырылуы, мал азығын арзандату сынды өзекті ойларымен бөлісті.

Кездесу соңында барлық көтерілген мәселенің шешімі болатынын, ретімен орындалатынын айтқан аудан басшысы ардагерлер кеңесі кеңсесін жабдықтау, орталық музей ұйымдастыру мәселесінің күн тәртібінде қаралып жатқандығын жеткізді.

Н.Дүзбатыр

Зеленов ауданы         

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале