12.12.2019, 15:37
Оқылды: 31

Ардагерлер үйінде өткен кеш

Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде аудандық орталық және балалар кітапханалары ардагерлер үйімен бірлесіп, Тәуелсіздік күніне орай «Желтоқсан - тәуелсіздік таңының бастамасы» атты кеш өткізді.

janibek tauel (3)

Кеште «Nur Otan» партиясы Жәнібек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев жиналғандарды мерекемен құттықтады.

 Әсел Қалихан мен Назерке Тілекқалиқызы Тәуелсіздік туралы өлеңдерді нақышына келтіре мәнерлеп оқыса, мәдениет қызметкері Нарынбек Халелов «Туған жер» әнін тамылжытты. Одан кейін аудандық саз мектебінің мұғалімі Наргиза Касумова мен шәкірті Әлиназар Қадырдың орындауында Құрманғазының «Секіртпе» күйі шертілсе, аудандық балалар жасөспірімдер туризмі және экология орталығының бард әндер үйірмесінің оқушылары ұстаздары Меңдігүл Қуанәлиеваның сүйемелдеуімен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Ал ардагер ұстаз Меңсұлу Жұмақұлова тәуелсіздік күніне жырдан шашу шашты.

Кеш соңында аудандық кітапхананың қызметкері Эльмира Нұрболатқызы «Тәуелсіздік - аңсаған арман, қол жеткен мұрат» атты кітап көрмесімен таныстырды. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне орай ардагерлер арасында тоғызқұмалақтан аудандық турнир өткізіліп, І орынды Ғайнөш Дегетаев, ІІ орынды Ғалымжан Шағыров, ІІІ орынды Мұса Айтқалиев иеленіп, марапатқа ие болды.

Гүлім Қабдолова

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале