23.06.2017, 12:26
Оқылды: 74

Ардагерлер ұйымының 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

Kaztalov Bekkayir shara   Қазталов аудандық мәдениет үйінде ардагерлер ұйымының 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Жиналған көпшілік фойэдегі көрмені және ардагерлер туралы "Дария шалқар даналығын ал, тыңда!" атты бейнебаянды тамашалады.

   Салтанатты жиында аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр және облыстық ардагерлер ұйымы кеңесі төрағасының орынбасары  Бауыржан Қойшыбаев құттықтау сөз сөйлеп, бір топ ардагерлерге алғыс хаттар табыстады. Салтанатта аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев "Ардагерлер ұйымына - 30 жыл" тақырыбында баяндама жасады.

   Сонымен қатар Жалпақтал ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Шынболат Өтешқалиев, аудандық ардагер ұстаздар бастауыш ұйымының төрайымы Гүлжиян Есмағұлова, аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қадер Нұрғалиев құттықтау тілектерін  айтса, күні кеше ғана Астанадағы  "ЭКСПО -2017"  көрмесіне барып қайтқан қайыңдылық Қисметова  алған әсерімен бөлісті.

   Елімізде  ардагерлер ұйымы мүшелігінде 1 млн. 845 мың ардагерлерлер есепте тұрса, аудандық ұйым филиалында 1500-ден аса зейнеткерлер бастауыш ұйымдарға топтасып отыр.

   Қараөзен мен Сарыөзеннің ортасын алып жатқан елде ақылман қария да, өнегелі әже де бар. Ақылымен елді бірлікке шақырған ардагер ағалар, апалар бар. Алғашқы ардагерлер ұйымы құрылғанда соның басында кешегі сұрапыл жылдарды басынан өткерген, етігімен қан кешкен және Кеңес үкіметі деп аталатын  алып елге бүкіл ғұмырларын сарп еткен  ардагер ағалар болды. Олар: Қанапия Жангереев, Рысқали Қабиров, Сатқан Даниялов,  Ихсан Құтқожин, Шәріп Хайруллин, Ахат Темірғалиев, Есімхан Меңешов. Ал бүгінде Уәлиолла Әбішев сынды ата-ағаларымыз бар. Салтанатты шарадан кейін аудан көркемөнерпаздары ардагерлерге арнап, әндері мен билерінен шашу шашты.

Жұлдыз АСҚАР

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале