8.05.2017, 15:18
Оқылды: 62

Ардагерлерді ардақтаған қос мейрам

Screenshot_2017-05-08-19-14-24-1Жаңақала ауданында ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай және Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.


Аудан басшысы Лавр Хайретдинов барша қазақстандықтарды, соғыс ардагерлері мен еліміздің ер-азаматтарын атаулы мейрамдарымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Бұдан кейін Ұлы Отан соғысы ардагерлері Арыстанғали Қойысов пен Муса Тумановтың өңірлеріне «Армия генералы С.Нұрмағамбетов» атындағы медаль тағылды.

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева, Жаңақала колледжінің директоры С.Жәрдемалиев, жергілікті әскери басқару органының ардагері А.Ғабдуллин, М.Жүнісов атындағы ЖОББМ АӘД пәні мұғалімі Ә.Лепесов, Жаңақала ЖОББМ АӘД пәні мұғалімі Б.Таулин және аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Б.Ғабдешевтер «Қазақстан патриоты» медальдарына ие болса, Жаңақала колледжінің АӘД пәні мұғалімі Б.Қаратаев «Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы" медаліне ие болды.

Screenshot_2017-05-08-18-52-33-1Сонымен қатар Жаңақала ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Э.Меңдәлі, Жаңақала колледжі директорының орынбасары С.Ермекқалиев, Пятимар ауылдық округі әкімінің бас маманы Е.Ағаділов, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Е.Макишев аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталса, аудандық емхана басшысы С.Оразғалиев пен жұмыспен қамту орталығының басшысы А.Оразалиев БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының алғыс хатымен марапатталды.

Жиын əрі қарай «Біз асыға күткен күн» атты спектакль-концертпен жалғасты. Көрермендерге Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет атқарып жатқан жерлестеріміз туралы «Егеменді ел қорғаны» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.

Б.Таулин орындаған «Алға қазақ жігіттері» әнін орындап, оның шәкірттері әскери қоян-қолтық ұрыс өнерін көрсетсе, әуе қорғаныс күштерінің №51809 В әскери бөлімінің сарбаздары вальс биін билеп, ән шырқап, көптің көңілінен шықты. Көрермен М.Ақмергенқызы, Б.Мырзағалиев сынды оқушылардың орындаған әскери-патриоттық әндерін де жылы қабылдап, қошеметтерін аямады.

Өнерсүйер қауым мен сонау соғыстың салқын лебін сезінген ардагерлерді мәдени демалыс орталығы мен ауыл жастарының дайындаған сахналық көрінісі ерекше толқытты.

Ерекше өткен концерттен үлкен әсер алған көпшілік аудан өнерпаздарының өнерлеріне тәнті болып тарқасты.
Концерттен соң Жастар ресурстық орталығы мен «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің жастары ардагерлерге арнап әскери шатырда дала асханасын жайды. Мейлінше соғыс кезіндегі әскери асханаға ұқсатылып жайылған дастарханда әскери ыдыстармен қара ботқа (гречка), қара нан, суға піскен картоп, тағы да басқа далалық тағамдар қойылды. Ардагерлер мен әуе қорғаныс күштерінің №51809 В әскери бөлімінің офицерлері, т.б. сыйлы қонақтар қатысқан дала асханасында алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева дастархан басындағы қонақтарға жылы лебізін айтып, аталмыш мерекемен құттықтады. Ал офицер мырзалар өздерін таныстыра отырып, ардагерлерді құттықтап, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Шатыр ішінде жастар ардагерлердің өнегелі әңгімелері мен естеліктерін тыңдап, әскери ән айтып, көңілді отырыс өткізді.

Жастарға риза болған ардагерлер баталарын беріп, көтеріңкі көңілмен тарқасты.

Нұрғали ҒАББАСОВ

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале