10.10.2018, 15:30
Оқылды: 78

Ардақ Назаров зеленовтықтармен кездесті

Ержесіз жекпе-жектің хас шебері, әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогінің иегері, Еуропа және Азия біріншіліктерінің жеңімпазы Ардақ Назаров Зеленов ауданына келді.

DSC_0039

Аудан басшысы Асхат Шахаровтың шақыртуымен ат басын ауданға бұрған чемпион өзін сарыла күткен жанкүйерлері тұрған мәдениет үйіне тоқтады. Алаштың намысты азаматымен кездесуге келгендердің қарасы көп болды. Аудан орталығы Переметныйдың ғана емес, басқа да алыс-жақын ауылдық округтерден келген ағайын да «Жақсыны көрмекке» деп аудан орталығына ағылды.

-Ассалаумағалейкум! Қасиетті жердің текті ұлдары мен қыздары. Дәм-тұз бұйырып, еліміздің батыс қақпасы саналатын Орал өңіріне де келудің сәті түсті. Біраздан бері жоспарымызда жүрген ой еді. Бүгін іске асып жатыр. Осы бір кездесуді ұйымдастырып, Махамбет пен Исатай, Сырым шешен шыққан топыраққа келуіме қолғабыс жасаған, себепші болған аудан әкімі Асхат Берлешұлына ерекше ықыласпен ризашылығымды білдіремін,-деп сөз бастаған Ардақ Құттықожаұлы жиналғандарға ата-ананы құрметтеу, елге қызмет қылу, ұл мен қыз тәрбиесі, жақсы мен жаман, еңбек ету турасында  салиқалы әңгімесін өрбітті. Жамағатты жігерлендірген чемпионның парасатты пікірлері мен намысты қайрар сөздері ешкімді бей-жай қалдырмады. Әсіресе, қазақ тарихы мен батыр бабалардың өмірі турасында айтқан әңгімелері көпшіліктің көңілінен шықты. Зал толған ағайын Ардақ Құттықожаұлының әр сөзіне мән бере, сілтідей тынды. Жасын да жасамысын да баурап алған жалынды сөздер мен жүрек елжіретер уағыз, намысты жаншып, жігерге жігер қосатын өрелі ой кездесуге келген әр адамның жүрегінен орын алды.

DSC_0015

Кездесу барысында қадірменді қонақ жанкүйерлерінің сұрақтарына жауап берді. Оның алғашқысы Ардақ Назаровтың спортқа қалай келгені турасында болды. Оған:

-Менің Алматыда спорт клубым бар. Оған көбіне балаларын аналары алып келеді. Мені де бала күнімде грек-рим күресіне анам жетектеп апарды. Сол анамның арқасында спортқа деген қызығушылығым оянып, осындай дәрежеге жеттім.

-Күні кеше әлем назарын аударған Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор арасындағы жекпе-жек аяқталды. Кішкене ғана Дағыстан мемлекетінен Хабибтей батыр шықты. Неліктен қазақ елінен сондай жастар шықпауда?

-Ия. Біздің елде Хабиб пен Конордай чемпион жоқ. Сол себепті де ел жастарының көбі әлемді мойындатқан басқа елдің жігіттеріне еліктеп жатыр. Бірақ, біз осы жолда еңбек етіп келеміз. Қазір қазақ жігіттері бағындырмаған UFS ғана қалды. Бұйырса, бірнеше жыл ішінде қазақ жігіттері UFS-қа кіреді. Жай кіріп қоймайды чемпион болады. Өйткені бұл спортқа еліміз жаңа ғана көңіл бөле бастады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшылар аз емес.

-Сөз барысында интернетте көп отырмау керектігін айтып қалдыңыз. Өзіңіз интернет желісінде қанша уақыт отырасыз? Шәкірттеріңіздің отырғанын қалайсыз ба?

-Жалпы интернетсіз қазіргі қоғамды елестету мүмкін емес. Десе де оның жаман жағын емес, жақсы, пайдалы жағын қолданған дұрыс. Кейбір қандастарымыз өзінің танымалдығын пайдаланып, темекі шегіп, арақ ішкенін дәреже көргендей салып отырады. Бұл  өзіңе жазылған әр адамды сол тәрбиесіз сурет арқылы жамандыққа итермелеу болып санадлады. Интернетті де тәрбие құралына айналдыра білген жөн. Әрдайым жақсы сурет салып, жақсы жаңалықпен бөліскен дұрыс. Өзім де шәкірттерім де интернетті қолданады. Бірақ, интернетті жақсылыққа ғана пайдалану керек. Сонда ғана оның игілігін көре аламыз.

-Сіздің идеалыңыз кім? Сіз қандай кітап оқисыз?

- Кез келген мұсылманның идеалы пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с). Одан кейін хандарымыз мен батырларымыз. Ай ортақ, күн ортақ, қара жер ортақ, жеріңнен шыққан ер ортақ, бабадан қалған сөз ортақ. Сондықтан ел үшін еңбек етіп, ұрпақ қамы үшін күрескен әр қазақ менің идеалым. Қазақтың кез келген жігіті Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқуы керек. Ол атамыздың «Ұшқан ұя», «Арпалыс» және басқа да кітаптары мен «Бабалар сөзі» деген тамаша 100 томдық бар. Соларды оқуға кеңес берер едім.

Шара соңында аудан басшысы Асхат Берлешұлы чемпионға естелік сый ұсынып, ризашылығын білдірді.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

DSC_0029 DSC_0033 DSC_0041

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале