6.12.2019, 12:34
Оқылды: 96

Ашық диалог – еркін сұхбат алаңы

Елімізде болып жатқан жаңалықтың, қабылданған бағдарламалардың қай-қайсысы болсын халықтың әл-ауқатын арттыруға, сол арқылы ел азаматтарының хал-ахуалын арттыруға бағытталады. Ал халық пен билік арасында ашық диалог болған жағдайға ғана дұрыс ой айтылып, оңтайлы шешім қабылданатыны мәлім.

DSC_0015

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарды қоғамдық диалог – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып саналатынын атап көрсетті. Осы орайда Ақжайық ауданы басшылығы халықпен кері байланыс ортау мақсатында «Ашық диалог» жобасын қолға алған болатын. Әр ауылдық округті аралап, халықпен етене пікір алмасып, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерден хабардар болды. Әрине, мәселенің бәрін бірдей шешу мүмкін емес, дегенмен нәтиже де бар. Чапаев ауылы тұрғындарымен кезекті ашық диалог алаңында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов халықпен орнаған етене қарым-қатынастың арқасында шешімін тапқан күрмеулі мәселелер мен өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік ахуалы жөнінде сөз қозғады. Аталмыш жүздесуге облыс әкімінің Ақжайық ауданы бойынша қоғамдық өкілі Ғиззат Ихсанов, бірқатар мекеме-бөлім басшысы, еңбек ардагерлері қатысты.

«Ауданға келгенде алдыма жоспарлы мақсат қойдым. Таратып айтсам, ауыз су, газбен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, арықтарды қалпына келтіру және ауыл-елді мекендердің  интернетпен қамтамасыз етілуі. Осыған дейін өткізілген қоғамдық қабылдау, «Ашық әкімдік» шараларында тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі де осы бағытта», - деген аудан басшысы әр сала бойынша атқарылған жұмыстардың легімен таныстырды.

Айталық, ауданда таза ауыз сумен қамту көрсеткіші – 87,6 пайыз. Қалған ауылдардың да сапалы сумен қамтамасыз етілер күні алыс емес. Алайда қазіргі таңда суды үнемдеуге келгенде біраз түйткіл туындайды. Табиғи газбен аудан тұрғындарының 92,5 пайызы қамтылған. Газдың ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сөніп қалуы да – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл жөнінде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ басшылығына да хат жазылып, дабыл қағылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан орталығының ауылішілік жолдарының біраз учаскелері жөнделсе, Алғабас, Жайық, Ілбішін, Жаңабұлақ ауылдарына кіреберіс жолдардың жобалық-сметалық құжаттары жасақталды. Қаражат бөлінген бойда жөндеу жұмыстары басталып кетеді.

Сондай-ақ жаңа құрылыстар, күрделі жөндеу жұмыстары, денсаулық сақтау, спорт, суландыру алқаптары, елді мекендерді интернетпен қамту жұмыстары бойынша аудандағы нақты шараларды атаған аудан басшысы жастарды еңбекке баулу қажеттігін ерек атап өтті.

«Қазіргі заман – еңбектің заманы. Мемлекет тарапынан мұқтаж жандарға қолдау жетерлік. Бірақ үкіметтің балаларға берген нәпақасымен ғана күн көрмей, өз отбасының тірлігін еңбекпен түлетер кез келді», - деді аудан әкімі.

Осында жиналған тұрғындар да ой-пікірлерін ортаға салды. Аудан орталығының Достық көшесі тұрғындары ауыл ішінде қатынайтын автобустың өз көшелеріне де соғуын сұрады. Бұл көшеде 20 шақты қоспәтерлі үй бар, дені жас отбасылар. Автобус маршрутына Достық көшесі енгізілсе, таңғы және кешкі уақытта балаларының мектепке қатынауына жағдай жасалатыны анық. Тұрғындар осы көшеге салынған жаңа жолды жарықтандырса деген тілектерін жеткізді. Лидия Плотникова Достықтың жыр болған қоқысын сөз етті.

Оның айтуынша, жауапты мекеме қоқысты дер уақытында шығармағандықтан, қалдықтар контейнердің іші-сыртынан асып, төгіліп, пакеттер көше кезіп жатады. РТС ауданы аталып кеткен Тауқалақов, Кенеев, Ақбидай көшелерінің тұрғындары көше фонарларының орнатылуы жөнінде айтты. Ал Ихсанов көшесі 111 мекенжайындағы көппәтерлі баспананың мәселесі жетерлік. Осыған дейінгі кездесулерде үйдің айналасын қоршау жөнінде сөз қозғалып, оң шешімін тапса, енді жылыту жүйесінен су ағып, тұрғындардың мазасы қашуда. Бір бөлмелі пәтер болғандықтан, газ өткізе алмай қиналуда. Қ.Айтмұхамбетов қызметтік пәтерін табыстағандардың баспанасына ешкімді қоныстандырмай, болашақта екі пәтерді біріктіріп, табиғи газ өткізу жағын қарастыратынын жеткізді.

Халықтың пікіріне, тілегіне құлақ түрген Қ. Айтмұхамбетов бірқатар мәселелерді шешуге уақыт қажет екендігін айтып, тұрғындардың басқа да ұсыныстарын орындау үшін бірқатар мекеме, бөлім басшыларына тапсырма беріп, мәселені толық өз бақылауына алатынын жеткізді.

Айта кету керек, 18 ауылдық округте өткізілген ашық диалогтың қорытындысында 185 мәселе көтеріліп, оның 22-сі өз шешімін тапты. 43 өтініш бойынша түсінік беріліп, қалғандары іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бақылауға алынды.

Әлия Шарапиева

суретті түсірген Нұрәлі Әлім

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале