27.12.2019, 10:51
Оқылды: 60

Атқа міну – асыл өнер

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы арқылы төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді дәріптеуге үндеді. Яғни ұлттық дәстүрімізді құр тарихи деректер емес, жалпақ жұрт түсінетін мәдени дүниеге айналдыру мәселесін қозғады.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай Қаратөбе ауданының Соналы мектебінде тәрбие орталығының ұйымдастыруымен «Атқа міну мәдениеті» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Шараға мектептегі 20 оқушы ұл қатысты. Шеберлік сағатына ауыл тұрғыны, атбегі Айса ағамыздың ұлы Мұратбек Табылдиев шақырылды.

Шараның негізгі мақсаты ұлттық дәстүрді жаңғырту, атқа міну мәдениетін қалыптастыру болатын. Мұратбек Айсаұлы жылқы жөнінде жалпы мәліметпен бөлісті. Жеті қазынаның бірі – жылқының жас ерекшеліктеріне байланысты атаулары, жүріс түрлері, ат әбзелдері туралы мағлұмат берді.

Шеберлік сағаты барысында қазақтың ерекше дәстүрі – «Ашамайға отырғызу» салты бойынша 7 жасар Ерхан есімді баланы тұңғыш рет ат үстіне отырғызды. Өмірі жылқы малымен біте қайнасқан қазақтың осы салты туралы деректер де айтылды.

Жалпы тарихқа үңілсек, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.

Осындай танымдық сағаттарды алдағы апталарда да жүргізу жұмысы жолға қойылып отыр. Жыл соңына дейін «Тай жарысы», «Қамшы жасау» сияқты бағыттарда шеберлік сағаттары, сайыстар өткізіледі.

Еркінғали Жұбанов

Соналы мектебі директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале