16.04.2018, 16:40
Оқылды: 40

Аттан озған атлет

Зеленов ауданындағы спорттық шаралардан қалмай, реті келсе өзі де қатысып жүретін Иван Юнусов ағамызды көрген сайын шеберлігіне таң қалатынбыз. Бар өмірін спортқа арнаған ардагер елдің ерекше құрметіне ие. Жасы жетпіске шыққан зейнеткермен жуырда тілдесудің сәті түсті.

 Ресейдің Орынбор облысы, Елек ауданына қарасты Привольный совхозының Логовой ауылында дүниеге келген Иван Леонидович Ақ Жайық атырабына жетпісінші жылдары келген. Туған жерінде 8-сыныпқа дейін оқыған Иван Леонидович әрі қарай оқуын Бөрлі ауданына қарасты Успен ауылында жалғапты. Кейін А.Пушкин атындағы педогогикалық институттың спорт факультетіне оқуға түседі. Спорттан бөлек, сурет салуды да жақсы меңгерген ол: - Жасымнан сурет салғанды жақсы көрдім. Мектептен соң арнайы өнер техникумына түссем деген ой болған. Бірақ, мен көздеген Ижевск қаласындағы өнер техникумы өте алыс болғандықтан, Оралда оқуды жөн көрдім, - дейді. Өңірімізде ашылған спорт факультетінің алғашқы түлектері де осы Иван Леонидовичтердің тобы болды.

Оқып жүріп, отбасын құрған ол институтты бітірген жылы Үлкен Шаған ауылына жұмысқа тұрады. Бірнеше ай ауыл мектебінде қызмет еткен соң әскерге шақырылады.

– Ол кезде ауыл ұстаздарын әскерге алмайтын еді. Бірақ мектепте спортпен шұғылдануға еш мүмкіндік болмады. Көбіне сабақтарым далада, қыс кезінде мектептің дәлізінде өтетін. Сондықтан, әскерге кетуге шешім қабылдадым, - деген Иван Леонидович бір жыл Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, жолдасымен бірге Тольяти қаласына аттанады. Ол жақта тұрақты жұмысы болғанымен, үйреніп қалған ауылының халқындай қайдан болсын?! Ақыры елге қайтуға шешім қабылдайды. Келісімен жолдасы Переметный мектебіне, өзі спорт мектебіне жұмысқа тұрады. Оның сурет салатын қабілетін ескерген аудан басшылары мәдениет үйін басқаруды ұсынады. Алғашында келіспегенімен, баспана мәселесіне орай басшылық ұсынысын қабыл алады. Екі жыл мәдениет саласында еңбек етіп, жанына жақын спортқа қайта оралады.

Бірнеше жыл аудандық білім бөлімінде, Зеленов училищесінде дене шынықтыру мұғалімі болып қызмет атқарады. Жетпісінші жылдары спортты дамытуды қолға алған аудандық спорт мектебінің ұжымы волейбол, баскетболдан арнайы сыныптар ашқан-ды. Иван Леонидовичке баскетбол сыныбы сеніп тапсырылған. Өзіне жеңіл атлетика қолайы болғанымен баскетболшыларды баптауға мықтап кіріседі. Арнайы кітаптар оқып, институтта алған білімін пайдалана бастайды. Иван Леонидовичке келгенге дейін бірнеше бапкер ауыстырған баскетбол сыныбының оқушыларын үйрету үшін ол Орал қаласындағы білікті бапкер Валерий Шевченкодан сабақ алады. Орал қаласының үздік деген баскетболшыларын баптайтын Валерий Шевконконың қыздарымен жолдастық кездесулер ұйымдастырып, шәкірттерін шыңдай түскен оның ойыншылары көп ұзамай оқушылар арасында өтетін облыстық жарыстардың жеңімпазы атанады. Бір жыл ішінде баскетболшы қыздардың шеберлігін арттырған Иван Леонидович шәкірттерін Жәнібек ауданында өткен жастар арасындағы біріншілікте сынап көреді.

– Жәнібекке кіп-кішкентай оқушы қыздарымды алып келгенімде ұйымдастырушылар қатыстырғысы келмеген. Өйткені, шәкірттерім расымен де кішкентай болатын. Ұйымдастырушылар қыздар қатты жарақаттанып қалар деп аудандық спорт мектебінің директоры Николай Ильинге телефон шалған. Директорымыз қыздарды қатыстыруын өтінген соң келісті. Біз ол жарыста бірінші орын иелендік. Өзінен бірнеше жас үлкен қыздарды жеңген оқушыларым төрешілердің де қыспағына төтеп берді. Алаң иелерін үш ұпай айырмашылығымен жеңгеніміз әлі күнге есімде. Цурля Елена, Феоктистова Елена, Савченко Снежана, Дьячкова Елена сияқты үздік ойыншыларым болды. Олардың осы күні тегі басқа болар, бірақ, мен үшін ол қыздар сенсация жасаған спортшы болып қала береді, - дейді спорт ардагері. Оның Ақылбек Атақанов, Юрий Долин сияқты шәкірттері жеңіл атлетикадан облыстық сындарда талай топ жарған. Соңғы екеуі әлі күнге дейін жарыс жолына шығып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Бар өмірін спортқа арнаған Иван Юнусовтың өзі де қара жаяу емес. Жеңіл атлетикамен айналысқан ол 100, 200 метр қашықтықта облыс чемпионы атанған, кейін ел біріншілігіне жолы түскен. Ол жарыста жүлдеге ілікпегенімен, командалық эстафетада облыс құрамасының жеңіске жетуіне үлес қосқан. Студенттер, жастар, кейін ересектер арасындағы эстафетада ел чемпионы атанған ол Владимир Скуратов, Валерий Пузин, Валетин Баньковский сияқты спортшылармен қатар жүріп, талай жарыста жеңіске жеткенін айтады. Тольяти қаласында тұрған кезінде Самара облысының чемпионы атанғаны бар. Көпсайыста да сынға түсіп, жеңіс тұғырынан көрінген. Елде жүріп те талай жарыста бақ сынаған, бірнеше мәрте ел біріншілігінде жүлдеге іліккен. 1992 жылы көпсайыстан (полиотлон) өткен алғаш әлем біріншілігіне де қатысып, Украинаның Чернигова қаласындағы әлемдік додада 15 орынға табан тіреген.

Иван Леонидовичтің ұшқырлығы жайында талай әңгіме айтылады ел ішінде. Студент кезінде жеңіл атлеттер Круглоозерный ауылы маңында жаттығу жиындарын өткізетін болыпты. Сондай жиынның бірінде жергілікті жігіттер спортшыларға «мықты болсаңдар атпен жарысып көріңдер» деп ұсыныс тастапты. Оның ұсынысын қабыл алған бапкер Юрий Кондрашов атқа қарсы Иван Леонидовичті қояды. Жүгіруге ыңғайсыз құм үстіне қатарласа тұрған атты мен жаяу бір мезетте қозғалады. Желаяқ Иван алға түседі де, артынан ілескен жігіт атын қанша қамшыласа да жете алмапты. Бұл туралы өңір спортшылары туралы жазылған А.Войлаковтың «От становления физической культуры к мастерству и профессии» кітабында айтылған. Бапкерліктен қол үзіп, аудандық спорт мектебінің директоры қызметінде жүргеннің өзінде спорттың дамуына барынша үлес қосқан Иван Юнусов Марклен Үмбетқалиев, Александр Субботин сынды спорт жанашырларымен иық тіресе жұмыстанған. Оның басшылығы кезінде аудан футболшылары «Былғары доп» турнирінің республикалық кезеңінде екінші орын алып, зор нәтиже тіркеген.

– «Былғары доп» турниріндегі жетістігіміз Александр Субботиннің еңбегі. Оны ауданымызға футбол жанашыры Александр Любавин алдырған еді. Екеуі жақсы дос болатын. Сол Субботин сияқты бапкерден тәлім алған футболшылар ауданды үлкен қуанышқа бөледі, - деп еске алады әріптестерін. Сурет салуды жоғары деңгейде меңгерген Иван Леонидовичтің суреттері көз тартады. Сүйікті ауылының әдемі табиғаты мен Деркөл өзенінің сұлулығын қағазға түсіруді көптен әдетке айналдырған. Спорт тақырыбынан да алыс кете алмайды. Желаяқтардың финиш алдындағы тартысы, зілтеміршілердің суреттері үйіне ерекше сән беріп тұр. Оның шығармашылығын жуырда өткен «На крыльях вдохновения» атты қолөнершілер мен суретшілердің көрмесінде ауылдастары жоғары бағалады. Сурет салу өнерін арнайы оқымаса да Иван Леонидовичтің жұмыстары кәсіби суретшінің туындыларынан кем емес.

Бар уақытын сурет салуға арнайтын Иван Леонидович алдыңғы жылы спорттық жарыста бақ сынаған. Ардагер гір тасын көтеруден екінші, қол күресінен бірінші орын иеленген.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале