9.06.2017, 18:18
Оқылды: 29

Аттылы экспедиция Тауға тоқтады

Кеше Жәнібектен аттанған аттылы экспедиция Тау ауылына табан тіреді. Оларды ауылдық округ әкімдігінің мамандары мен өзге де мекеме-ұйым қызметкерлерінен құралған делегация ауылдың шетінен күтіп алды.

Кешкісін ауылдық мәдениет үйіне жиналған жұртшылық қолөнер туындыларының көрмесін тамашалады. «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде аудан мектептерінің ұстаздары мен оқушыларының қиялынан туған тақырыпқа сай дүниелері қойылған.

Әділқазылардың шешімімен Ғ.Сарыбаев атындағы мектептің бейнелеу пәні мұғалімі Әлима Исмағұлованың «Тәуелсіз елдің өзегі» атты коллажы бірінші, Ө.Сахипов атындағы мектептің бейнелеу өнері, сызу және еңбек пәндерінің мұғалімі Орынғали Исентаевтың «Алаш Ордасына - 100 жыл» атты мүсіні екінші, Ғ.Абдуллин атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жанар Меңдібаеваның «Алаш» қозғалысы. Бүгін және кеше» тақырыбындағы картинасы үшінші орынға лайық деп танылды.

«Бабалар жолы – бақыт жолы» атты кеш ауыл көркемөнерпаздарының көрермендерге ұсынған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Концерт барысында патриоттық бағыттағы әндер айтылып, қазақтың ұлттық билері биленді.

Бүгін таңертең аттылы экспедиция Қамысты ауылы арқылы Борсыға жол тартты.

Д.ЗЕННАТ,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале