1.08.2017, 17:30
Оқылды: 26

Атыраулық автожорықшылар Ақжайық ауданына аялдады

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласына орай атыраулықтар "Қарой-Шейітсай-Қарой" атты автожорық ұйымдастырып отыр.


Тарихи Қаройдан бастау алған бұл сапарға қатысушылар жолшыбай Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта аялдады. Партияның Атырау облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев бастаған өкілдер қатарында партияның аудандар филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, тарихшылар, журналистер бар. Олардың мақсаты – азаттық үшін арпалысқан Алаш асылдарының бірі Исатай Тайманов жерленген Шейітсайда болып, батырдың басына тәу ету.

Автожорықшыларды Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов, «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев қарсылап, әңгімелесті. Тұрғындар, еңбек ұжымдарының өкілдері қатысқан бұл дидарласуда атыраулықтар Қобды ауданындағы Шейітсайды бетке алудағы мақсаттары, одан кейін Маңғыстау облысына да баруды көздеп отырғандары хақында баяндады.

Рухани жаңғыру аясында Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы, тарихи-мәдени ескерткіштері жөнінде қолда барды байыта түсу, Исатай бабамыз туралы деректі фильм түсіру көзделуде. Рухани жаңғырудың басты мұраты – халықтың бірлігін сақтауға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың бәсекеге қабілеттілігіне, жұмылуына міндетті түрде қол жеткізу. Кездесуде осы жайында жан-жақты пікір алмасылды. Атыраулықтар соңғы кезде тың дүниелермен толыға түскен тарихи-өлкетану музейін аралап көрді. Ақжайық ауданында Алаш қозғалысының мерейтойына орай орындалып жатқан іс-шаралармен танысты.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале