6.12.2017, 17:40
Оқылды: 24

Аудан әкімі «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазын қабылдады

Бүгін аудан әкімі Асхат Шахаров «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының «Медицина» бағыты бойынша жеңімпазы Елена Шушлебинаны қабылдап, құрмет білдірді.

– Ұлт Көшбасшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлт мақтаныштарын насихаттау мақсатында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыруды ұсынып, жоба туралы: «Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасы - Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы», - деп атап өтті. Сіздің осы тұлғалар қатарынан табылуыңыз аудан халқы үшін ерекше қуаныш. Бейбіт күннің батырына лайық әрекетіңіз ана мен бала өмірін арашалап қалды.  Тосыннан шешім қабылдау, әсіресе адам өміріне араша түсу өз кәсібінің шеберлері ғана тәуекел ететін іс, - деген Асхат Берлешұлы Еленаға шығармашылық табыс, отбасы амандығын тіледі.

– Оқиға орын алған сәтте тәжірибем бойынша шара қабылдаудан басқа ойыма ештеңе келген емес. Ал босанған ана мен сәбиді ауруханаға жеткізгеннен соңғы уайым мен қорқынышты қазір ойлауға да қорқамын. Егер сәл қателік орын алса, кешірілмейтін әрекет болар еді. Еліме, әріптестеріме ризамын. Жоба қатысушысы ретінде Астанамызды алғаш рет көрдім. Астанадағы салтанатты шарада түрлі ерлікке барған қазақстандықтардың әрекеттеріне қайран қалдым. Солардың қатарында Елбасымен жүздесіп, қол алысу мен үшін өмірімдегі ерекше сәт болды. Елбасының айтқан ойы мені қатты толқытты, өмірге, кәсібіме деген ықыласымда арттырды, - деген Елена Сергеевна болашақта білімін жетілдіріп, дәрігер мамандығын игергісі келетіндігін жеткізді.

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале