18.09.2017, 17:16
Оқылды: 22

Қазталовтық оқушылар төрт күндік экспедицияға қатысты

 

Қазталов ауданының әкімі  «Ғұмар Қараш ізімен»  атты экспедиция мүшелерін қабылдады.


18 қыркүйек күні Алма Оразбаева мектебінде аудан әкімі Абат Шыныбеков «Ғұмар Қараш  ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция мүшелерін қабылдады. Бұдан бұрын жазғанымыздай «Ғұмар Қараш ізімен» атты экспедиция  6-10 қыркүйек аралығында Қараоба-Қошанкөл-Нұрсай-Күйгенкөл (Жәнібек ауданы)-Жәнібек-Хан Ордасы-Көктерек-Жалпақтал-Бостандық-Қазталов ауылдарын қамтыған болатын.

Қабылдауда сөз алған аудан әкімі Абат  Шыныбеков, -Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы  шеңберінде және Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған, төрт күнге созылған  бұл  экспедицияның  алар орны зор. Өйткені әрбір адамның өзінің кіндік қаны тамған туған жердің тарихын  білу - азаматтық борышы. Бұл орайда біздің өңіріміздің тарихы бай да, шежірелі. Оның өскелең ұрпаққа берері зор. Міне, осындай  тағылымы мол экспедицияны сіздер абыройлы атқарып келдіңіздер, -деді.

Қабылдауда Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Ғұмар Қараштың өмір дерегі мен шығармашылығына тоқталса, сонымен қатар экспедицияның сапарын баяндайтын бейнекөрініс те көрсетілді.

Қабылдау кезінде экспедиция мүшелері өздерінің сапарлары кезіндегі қызғылықты сәттерінен әңгімелер айтып, алған әсерлерімен бөлісті. Осындай экспедицияның шығуына қолдау көрсеткен аудан әкіміне ризашылықтарын жеткізіп, экспедиция сапарын бейнелейтін естелік табыс етті.

Сондай-ақ қабылдауда қоғамдық ұйым өкілдері және  мектептердің тарих пәнінің мұғалімдері «Рухани жаңғырудан» туындайтын  міндеттерге байланысты  алда атқарылар жұмыстар жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Әсем БОЛАТ,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале