24.04.2018, 12:00
Оқылды: 67

Аудан әкімі Оралда оқып жатқан қазталовтық студенттермен кездесті

Қазталов ауданы әкімі Абат Шыныбеков облыс орталығы Орал шаһарында білім алып жатқан студент жастармен кездесіп, оларды кіндік қаны тамған ауылда қызмет етуге шақырды. Кездесуге Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-нің, Батыс Қазақстан медициналық колледжінің, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің студент жастар қатысты.

Ал кездесуде сөз сөйлеген аудан басшысы Абат Абайұлы осындай маңызды шараға жиналған қауымға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, бүгінгі күнгі демографиялық жағдайы туралы мәлімдей келіп, аудан болашағы жастардың қолында екендігін айтып өтті. Жалпы, студент-жастарды білім алып, жоғарғы оқу орнын тәмамдап, мамандық игерген соң, туған ауылдарына қайтып оралуға шақырды. Бүгінде облыс орталығы Орал қаласында жоғарғы және арнаулы білім ордаларында 500-ге жуық жас білім алып жатса, еліміздің түкпір-түкпірінде 1000-ның үстінде жас студент атанып отыр.

-Міне, күні бүгін жоғары оқу орнында оқитын студент жастарымыз жазғы демалыс кезінде. Осы сәтті пайдаланып, еліміздің  белді жоғары оқу орындарында оқитын аудан  жастарымен бас қосып пікірлесуді, Сіздер болашақ маман болғандықтан туған ауданымыздың  қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабардар етіп, болашақ атқарылар алдағы даму жобаларын  таныстыруды ұйғарған едік.

IMG_7874Тәуелсіз елімізде жастарға үлкен сенім артып, әрдайым қолдау білдіріп келеді. Білім алуға, мамандығың бойынша еңбек етуге жол ашық, мүмкіндік мол.Елбасы жастарға арнаған сөзінде «Мен сендерді Интернет алмастыра алмайтын белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерді үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып, білуге шақырамын» деген болатын. Сіздер ел патриоты ретінде жаңа өмір сапасына қол жеткізудің тек еңбек арқылы ғана келетінін есте сақтауларың керек. Осы жолда өз арман-мақсаттарыңа жету үшін республикамыздың әртүрлі қалаларындағы беделді жоғары оқу орындарында оқып жатсыздар.

Ал елдің ертеңі жастар қолында. Аудан халқының 21 пайызы 29-ға дейінгі жастар дегенмен, қазіргі заманда жігерлі, инициативалы жастар қай салаға да қажет. Осы тұрғыда мектептерге кәсіптік  бағдар беру жұмыстарын жетілдіру, түлектердің қазіргі уақыт сұранысына ие мамандықтар таңдауына көмектесуге жаңаша мән беру міндеті қойылмай отыр.

Мысалы, ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринария мамандары, білім саласы бойынша математика, орыс тілі, ағылшын пәні мұғалімдері, медицина саласы мамандары жетіспейді. Біздің ауданымыз ауыл шаруашылығы дамыған, өнер дәстүрі жалғасқан  аудан ретінде де танылуымыз қажет. Кәсіпкерліктің өрісін кеңейтер жаңа жобалар кезегін күтуде. Біз ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналысуға жастарды тәрбиелеуге баса көңіл бөлуіміз қажет. Ауылдағы тірлік осы салаға байланысты. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары ауылдарда мал басы өсіп келеді. Ал мал – ауылдағы кәсіптің негізгі көзі.

IMG_7899Байқап отырсақ,   жоғары білім алушылар саны аз емес, алайда оларды жұмысқа орналастыру қиындықтары барын жасырмаймыз. Ауданға жетіспейтін мамандар, әсіресе, дәрігерлер  ауылға келмей қалада қалып қояды.Елдің тыныштығын, бірлігін насихаттаушы білімді жастарымыз көп болуы керек. Адамзат үшін ешқашан өзгермейтін бірақ нәрсе, ол - білім! Ол - еңбек! Сондықтан сіздердің белсенділіктеріңіз қажет! Жоғары оқу орнын жақсы аяқтап, елге қызмет етуге шақырамын. Сұрақтарыңыз болса, қысылмай қойып, жауап алуларыңызға болады. Толғандырған мәселелер болса, ортаға салыңыздар, пікірлеріңіз болса, айта отырыңыздар. Бүгінгі басқосудың мақсаты да сол, сіздермен еркін әңгімелесу, алдағы жоспарларыңызбен бөлісу,-деді аудан әкімі.

Бүгін күні жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жас мамандарға Үкімет тарапынан бір жолғы жәрдемақы, тұрғын үй алуға өсімсіз несие берілуде. Жастарға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар ауданымызға келіп, алыс ауылға барған жас мамандарды тұрғын үймен қамтып, мал ұстауға да қолайлы жағдай туғызбақ.

-Әлеуметтік желілерден көріп, біліп отырғандарыңыздай Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің қолауымен ауданның әрбір ауылдық округтерінде көптеген жобалар атқарылуда. Туған жерімізді, елімізді көркейту жолында аянбай еңбек етіп, жастық жігерімізді көрсетуіміз қажет. Сіздермен кездесудегі мақсатымыз осы,-деген Абат АбайұлыАудан жоғары оқу орнында оқып жатқан жастардың ертеңгі күні оқуларын бітіріп, мамандық алысымен өздерінің туған ауылдарына келіп, оның экономикасын өркендету жолында білімдері мен біліктерін ортаға сала жүріп, өз үлестерін қосқандарын әңгіме арқауы етті.

Аудан әкімімен кездесу кезінде студент жастар өздерінің таңдаған мамандықтары мен алға қойған мақсаттарына да бір сәт тоқталып өтті.

Ал орайы келгенде студенттер аудан әкімі Абат Абайұлына көкейлерінде жүрген сұрақтарын да қойды. Яғни, ауданымыздың өзінен, студенттер жазғы демалысқа келгенде аудан көлемінде ауданаралық спорттық шаралар өткізіліп, соған біздер де атсалыссақ, сонымен қатар бос жүрмей, құрылыс отрядтары ашылып, жұмысқа алынсақ деген ойларын жеткізді. Аудан әкімі айтылған мәселенің бәрін алға қарай шешуге жұмыстанатынын, алайда былтырғы жылы «Жасыл ел» жасақтары құрылып, 30 студент жастар қамтылғанын, биылдың өзінде 60 жасты қамтуды жоспарлап отырғанын айтты.

Осы бір басқосу барысында студенттер бірі өздерінің мамандық алысымен туған жерге келетіндіктерін қуана жеткізсе, енді бірі оқуларын ары қарай жалғастырып, өздері білім шыңдайтындықтарын айта отырып, - Біздер ертеңгі күні еліміздің әр қаласында еңбек еткенімізбен, әр кез туған жерге жанымыз ашитын болады. Туған ауылымыздан жырақ жүрсек те сіздер осы өңірдің жастарының болашақтағы жеткен жетістіктерін көре жүріп, солармен мақтана аласыздар. Ал, туған жерге келіп еңбек етіп, үлестерімізді қосып жатсақ, ол да бұйырмыс қой, бірақ қазір алдымызда қандай жол күтіп тұрғанын ашып айтудың өзі қиын. Алла қаласа, туған жерге де келерміз,-деген шынайы лебіздерін жеткізді. Басқосу барысында жастар өздерінің өнерлерін ортаға салып, ақындардың әдемі жыр жолдарына да кезек берді.

Аудан әкімі студент жастардың өз ойларымен бөлісіп, әсерлі басқосу өткізуге ұйытқы болғандары үшін ризашылығын жеткізді.

Жиын соңында Қазталов ауданының әкімдігі мен М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университеті арасында әріптестік меморандумына қол қойылды.

Тұрарбек АҚМЫРЗА,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале