10.01.2019, 19:07
Оқылды: 32

Аудан әкімі жас тілшілермен кездесті

         Жас тілшілердің облыстық «Өрімтал» фестиваліне Қазталов ауданынан да жас тілшілер қатысты.

WhatsApp Image 2019-01-10 at 03.04.25

          Фестиваль қорытындысы бойынша Бостандық мектебінің 8 сынып оқушысы Жібек Айдынғалиева 95 жылдық тарихы бар ұлттың үн жариясы атанған «Қазақ радиосының» арнайы жүлдесіне ие болса, осы мектептің 11-сынып оқушысы Тоғжан Байкенова «Қазақстан әйелдері» журналының Әтина Жәкетова атындағы жүлдесін иеленді. Ал Қайыңды мектебінің 10-сынып оқушысы Аделина Ибрашева халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінің Рақымбай Ханалы атындағы арнайы жүлдесімен марапатталды.

         Бүгін ауданы әкімі Абат Шыныбеков жас тілшілерді және ұстаздарын арнайы қабылдады. Қабылдауда аудан әкімі жас тілшілерге және ұстаздары Эльвира Талпақова мен Салтанат Хасановаға алғысхат берді.

         - Алғаш рет өткізілген облыстық фестивальде өздеріңнің балауса шығармашылық таланттарыңызды көрсете білдіңіздер. Болашақта сіздер туған жердің тарихын, келбетін, еңбек адамдарының бейнесін көрсететін ұшқыр ақпарат саласының мамандары болады деп санаймын. Бүгінгі уақыт – ақпарат заманы. Сондықтан уақыттың көшінен қалмай, шығармашылық қаламдарыңызды ұштай беріңіздер. Жас таланттарға қолдау көрсеткен және облыстық ақпараттық орталықты жандандырып жатқан «Жайық Пресс» медиахолдингі мен басшысы Рауан Сәбитұлына да алғыс айтамын. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» этно-мәдени жобасының алғаш рет Қазталовтан бастау алуына да бастамашы болып, осы бір жобаның әрі қарай «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне ұласуы біздер үшін зор мәртебе,- деді Абат Абайұлы.

         Қабылдауда сөз алған жас тілшілер фестивальден үлкен әсер алғандарын және бұл шараның жоғары деңгейде өткенін, республикамызға танымал ақын-жазушылармен кездескендерін айтты. Әсіресе, «Жайық Пресс» медиахолдингі директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбайдың қамқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетін атап өтті.   Сонымен қатар фестивальге қатысуға жағдай жасаған аудандық білім бөліміне, аудан әкімі Абат Шыныбековке рахмет айтып, тілектерін жеткізді.

Гүлнұр Қазбек,

Қазталов ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале