5.12.2019, 16:55
Оқылды: 99

Аудандық мешітте ақсақалдармен жүздесу өтті

Қаратөбе ауданы орталығындағы мешітте «Қариясы бар елдің қазынасы бар» атты тағылымды шара өтіп, аудан әкімі  Жанат Асантаев пен аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев ауыл ақсақалдарымен жүздесті.

qaratobe (3)

Ауыл ақсақалдары - ауыл-аймақтың жасы үлкен, құрметті адамы. Өмірлік тәлім-тәрбиесін, қазақтың салт-дәстүрлерін үйретуші, үлгі өнеге көрсетуші жандар. Әрі олар кейінгі буын жастарды білімге, ізеттілікке, еңбекке, имандылыққа баулып, әрқашан аталы сөз айтып, туыстықты, бірлікті, елдікті сақтау жолындағы насихатшы тұлғалар.

Дастарқан басында да қариялар салиқалы әңгіме айтып, өзара пікір алмасты. Ауыл тұрғыны Аманжан Әнесов мешіт Алла үйі екендігін айтып, аудандық мешіт жанынан садақа- жиын, Ораза айында ауызашар рәсімдерін өткізетін асхана құрылысын салу туралы ұсыныс тастады. Ал зейнеткер Абат Аңшыбай садақадағы, әсіресе, жаназа намаздарындағы тәртіпсіздікті ретке келтіру жөнінде ойын ортаға салды.

qaratobe (1)

Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Бәкесұлы асхана құрылысын салу құптарлық іс екендігін қолдаса, жергілікті тұрғындардың  қалаға көшуі де ойланарлық  мәселе екендігін тілге тиек етті.

Аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Әділжан Төлебайұлы қазыналы қарттарға алғыс айтып, мешітте жасалып жатырған игі істерді саралады. Сондай-ақ жаназадағы тәртіпке тоқталып, өлікті жерлеудегі ретсіздіктер, мәйітке сурет қою, күмбез орнату асыл дінімізде, ата-баба дәстүрінде тыйым салынған амал екендігін түсіндірді.

Жиын соңында ауыл ақсақалдары мешітке жиі бас сұғып, жұма намазына қатысып, имам уағыздарын тыңдап тұруға уағдаласты.

Тоты Есқайырова

 Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале