25.06.2018, 15:11
Оқылды: 20

Аудандық мұрағаттың бастауында тұрған жан 80 жасқа толды

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов Чапаев тұрғыны, еңбек ардагері Нұрманғали Имашевты 80 жасқа толуына орай құттықтап, құрмет көрсетті.

Н.Имашев еңбек қолтаңбасы айтулы жандардың бірі, еліміз егемендігіміздің елең-алаңынан қолға алынған аудандық мұрағатты алғашқы парағынан бастап қалыптастырған оның қызметі аудан шежіресіне өшпестей таңбаланды. Өтпелі кезеңнің нағыз қиын уақытында бұл мемлекеттік мекемеге күнделікті қажетті заттан бастап, адам ғұмырында маңызды орын алатын құжаттама ісін жолға қою үшін Нұрманғали Сәрсекешұлы зейнеткерлікке дейін, яғни 10 жыл маңдай тер төкті. Мұнда оның бұрынғы, яғни аудандық қаржы, білім бөлімдерінде, аупарткомның ұйымдастыру, жалпы бөлімдерінде аса жауапты жұмыстар атқарған кездегі бай тәжірибесі берік сүйеу болды.

Қабылдауда Әділ Тауфиқұлы ардақты қарияның осындай еңбегінің аудан тарихында ерекше маңызын атап көрсетті. «Жастарға өмірде жол сілтеуде әдемі қартайған сіздердей жандарға сүйенеміз»,- деген аудан басшысы мерейгерге, оның отбасына игі тілегін арнады, ағаның иығына шапан жапты.

Аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, аудандық мұрағатты мерейгерден кейін басқарғандардың бірі, ардагер педагог, журналист Бақтығали Қоспаев, аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев, Чапаев әкімі Нұртаза Нәбиденов Н.С.Имашевқа риясыз көңілден тілектерін білдірді.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале