12.03.2018, 16:09
Оқылды: 25

Ауыл ақынына арналған кеш өтті

Жастайынан өлең-жырға, ән мен күйге құмар, қара сөздің қадір-қасиетін түсінетін ауыл ақыны Қадырбай Айтасовтың шығармашылығына арналып, Көктерек ауылдық клубында кеш өтті. Айтулы шараға аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, Бисен ауылдық округінің әкімі Қайырсапа Саматов, ақынның анасы Халует пен құрбы-құрдастары, өнерсүйер қауым қатысты.

Қадырбай аға кішкене кезінен қос тазы ұстаған, аңшы, әрі  атбегі Айтас пен ауылға танымал күйші Жарас аталарының қолдарында өскен. Өнер мен  атбегілікке ынтасының оянуына солардың ықпалы зор болса керек. Аудандық «Нарын» ән-аспаптар ансамблі жаңа құрылған шақта және «Орда» халық аспаптар оркестрі құрамында терме айтқан кездері де болған. Одан кейін сайын дала төсінде жылқы бағып, еңбегімен ел құрметіне бөленеді, аудандық, облыстық жиындарға да, 1985 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзі жастарының ХІІ фестиваліне де қатысқан. 1980 жылы Гүлсім атты жеңгемізбен бас қосып, бүгінде бұл шаңырақтан бір ұл, үш қыз қанат қақты. Олардан үш немере, бес жиен сүйіп отыр. «Айтас» шаруа қожалығының иесі.  ІІІ топ мүгедегі Қадырбай ағаның арнау өлеңдері де бір төбе.

Кеште құттықтау сөз сөйлеген Лариса Тельманқызы аудан әкімі Н.Рахымжановтың «Алғыс хатын», округ әкімі Қайырсапа Саматұлы да айтулы өнер иесіне Диплом табыстады. Ақын ағаның аяулы анасы ұлының балалық шағынан естелік айтып, ақ жарма тілегін жеткізді.

Шара соңында Қадырбай ағай өткен жылы «Шұғыла-Принт» баспасынан жарық көрген «Нарыным деп толғанамын» атты өлеңдер жинағына өз қолтаңбасын қалдырып, кеш қонақтары мен кітапхана ұжымына сыйлады. З.Жиеналиев атындағы бастауыш мектептің көркемсөз шеберлері ағаның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, сыныптасы Гүлбану Арыстанғалиева оқушылық кезеңдегі әдемі естелігімен бөлісті. Кеш иесінің немере келіні Ұлболсын Бекқалиева домбырада Құрманғазының күйін күмбірлетіп, Қадыр Мырзаәлінің «Қазақтарды шетелдіктерге таныстыру» әнімен көптің көзайымына айналды. Ауылдық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Үлкендері де ақ тілектерін жаудырды.

Екатерина МӨКЕШЕВА,

Бисен ауылдық мәдениет үйінің директоры

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале