22.01.2018, 13:23
Оқылды: 17

Ауыл мектебі көлік сұрайды

Сырым ауданы Бұлан ауылдық округінің әкімі Тимур Құбаев Жамбыл ауылының тұрғындары үшін есептік кездесу өткізді. Жиналысқа Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, Сырым аудандық сотының төрайымы Ботакөз Баймұханова қатысты.

Жамбылдықтар осыған дейінгі есептік кездесулерде Жамбыл негізгі мектебінің жылыту жүйесін қалыпқа келтіру мәселесін көтеріп жүр еді. Былтыр осы мәселе түбегейлі шешіліпті. Мектептің жылыту жүйесі жаңаланып, «жылы еден» технологиясына ауысқан. Оның үстіне, мектеп ғимаратының айналасына мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен 6 көше жарықшамы және қосымша 2 қуатүнемдегіш жарықшам қойылыпты.

Жалпы, ауыл бойынша былтыр 6 жарықшам ауыстырылған. Ауыл көшелеріне ғана емес, 2017 жылы ауылдағы мәдени жұмыстарға да «жарық» түскен секілді. Былтыр жамбылдықтар «Туған жер бағдарламасы» аясында жерлес еңбек ардагерлері Мақсот Көлбаев пен Ибрагим Жұмабековты еске алу шараларын жоғары деңгейде өткізген. Осы ақпараттар округ әкімі Тимур Құбаевтың есептік баяндамасында кеңірек айтылды.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов округ әкімінің есептік баяндамасын жүйелі деп бағалады. Ауыл тұрғындары да осындай пікірде. Жамбыл негізгі мектебінің директоры Тарас Ихсанов ауыл мектебіне көлік керек деп отыр. Ауыл тұрғыны Серік Жанысов ауылішілік электр желісін таратуды дұрыс ұйымдастыру жайлы мәселе көтерді. Келесі тұрғын Закария Кәрімов те осыны айтады. Жиналысты аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қорытынды сөз сөйледі.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале