13.08.2018, 11:55
Оқылды: 66

Ауыл өз бюджетін қалай игеруде?

 Бұл сұрақ қаржы саласынан хабары бар адамдардың көкейінде жүр. Ортақ өгізден оңаша бұзауды артық санаған халықпыз ғой. Бұрын ел басқаруда дарындылық, іс атқаруда қарымдылық таныта алмаған кейбір ауылдық округ басшылары  «Ортақ бюджет құлаш сермеуге мүмкіндік бермейді. Қаржы билігі қолға тисе...» дейтін. Тиді. Үкімет жаппай болмаса да ішінара ауылдық округтердің бюджетін есептеп, онымен жұмыс жасау билігін өз қолдарына берді. Одан бері де алты ай өтті. Оның нәтижесі қандай? Кім не оқсатты? Талдап көрейік.


 

БҚО-дағы Жаңақала ауданы бойынша да бес ауылдық округтің бюджеті ауыл әкімінің құзырына берілді.

Әрине, бюджет кіріс пен шығыстан тұрады. Кіріс дегеніміз – қаржының қоржынын томпайтатын түсімдер де, шығыс – сол қаржының өз мақсатына жұмсалып, игерілуі.

Түсімдерден бастайық. Әрине, түсім өздігінен келіп қаржы қазанына құйылмайды. Жерлестеріміздің төлеуге тиісті салықтарын айттырмай, мерзімді кезең ішінде өздері әкеліп төлей қоюы екіталай. Ондай өркениет мәдениетіне жете қойғанымыз жоқ. Сондықтан, ауыл әкімі аппараты салық жинауда жүйелі жұмыс жасауға мәжбүр. «Өзім дегенде өгіздей күші бар» деген. Бюджеті өздеріне берілген бес округтің төртеуі түсім жоспарын артығымен орындады. Субвенцияны (трансфертті) қоспағанда алты ай ішінде Жаңақала ауылдық округі 11342,0 мың теңге, Жаңажол округі 245,0 мың теңге, Жаңақазан 280,0 мың теңге, Көпжасар 245,0 мың теңге, Мәстексай 280,0 мың теңге түсім түсіруі керек еді.

Мәстексай ауылдық округі 1399,9 мың теңге түсім түсіріп, жоспарын  499,96 пайызға, Жаңақазан округі түсім жоспарын 382,9 пайызға, Жаңажол округі 281,0 пайызға, Көпжасар округі 225,3 пайызға орындады. Өкінішке орай аудан орталығы саналатын Жаңақала округі 6548,1 мың теңге түсім түсіріп, жоспарын 57,7 пайызға ғана орындады. Яғни 4793,9 мың теңге түсім түспей отыр.

Талдап айтсақ, бұл округте 6498,0 мың теңге табыс салығы жиналуы керек еді, жиналғаны 1201,9 мың теңге немесе 18,5 пайызы ғана.

Жеке тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салықтан түсім де 4844,0 мың теңге орнына 4 617,5 мың теңге болып 95,3 пайызға орындалды. Бір ғана осы округте түсім аз жиналуынан бес округ бойынша түсуге тиісті 12392,0 мың теңге түсім жоспары 10260,7 мың теңге болып, 82,8 пайызға орындалды.

-Бұл жұмысты мықтап қолға алып отырмыз. Жыл соңына дейін олқылығымыздың орнын толтырмыз,-дейді Жаңақала округінің әкімі Абзал Ахметов.

Ия, бұл жұмыс шұғыл жандануы тиіс. Өйткені ол жиналмай отырған қаржы округте атқарылуға тиісті қаншама жұмысқа қолбайлау болады. Ол үлкен кемшілік саналады.

Енді ауыл бюджеттерінің игерілуіне тоқталайық. Қаржы жұмсау билігі қолдарына тиген бес ауылдық округ әкімі биылғы жылдың бірінші тамызына дейін игерілуге тиіс 87115,0 мың теңге бюджет қаржысының 68227,5 мың теңгесін, яғни 78,3 пайызын игерді. Неге? Берілген қаржы неге уақытылы игерілмеді?

Ең көп игерілмеген қаржы Мәстексай ауылдық округінде. Бұл ауылдық округте бөлінген 16859,0 мың теңге қаржының 58,5  пайызы (9854,5 мың теңге) ғана игеріліп, 7004,5 мың теңге игерілмей отыр.

-Бұл өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы. Жаңа үлгідегі спорт алаңын салуымыз керек еді. Құжаттардан қателік тапқан камералдық бақылау жарияланған конкурсымызды екі рет тоқтатты. Есепшіміздің тәжірибесі аздығы да жеделдігімізді тежеді.

Сөйтіп, конкурс кеш өтіп, жұмыс кеш басталды. Істелінбеген жұмысқа қржы  аудара алмаймыз. Алдыңғы айларда қаралған қаржы игерілмеген есебінде тұр. Қазір жұмыс жүруде. Жыл соңына дейін игеріледі,-дейді Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Мұхамбетжанова.

Бұл әңгімені алты айлық бюджетін 70,2 пайызға орындап отырған Жаңажол ауылдық округі әкімінен де естідік.

-Игерілмеген 6,318,2 мың теңге қаржы бізде де өңірлерді дамыту бағдарламасынікі. Оның 3,500 мың теңгесі үнемделген қаржы, оны сессия шешімімен аудандық бюджетке қайтару керек.

Конкурс жеңімпазы «СтартСтройСервис» ЖШС жұмысты уақытылы бастағанмен уақытылы аяқтамай отыр. Бітпеген іске қаржы аударып, заң бұза алмаймыз. 2,500 мың теңге содан игерілмей тұр,-дейді ауыл әкімі Асылан Оразалиев.

Қаралған бюджетін 82,8 пайызға орындап отырған Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметов те игерілмеген 5097,8 мың теңге қаржының ауылды абаттандыруға бөлінгенін, жоғарыдағы  себептерден жұмыстың кешеуілдеп басталғанын, игерілетінін айтады.

Өз бюджетін өздері билейтін аудандағы бес ауылдық округтің салыстырмалы түрде жұмысы тәуірі – Жаңақазан ауылдық округі (әкімі Сәкен Ғұбашев). Бұл округ жарты жылдық түсім жоспарын 382,9 пайызға, бюджет қаржысын игеруді 99,1 пайызға орындап отыр.  Одан кейін Көпжасар ауылдық округі тұр. Ол түсімді 225,3 пайызға, қаржы игеру жоспарын 96,0 пайызға орындаған.

Жалпы, бюджетке түсім түсіру де – іскерлік. Бұл бағытта Мәстексай ауылдық округінің әкімі  Сәуле Мұхамбетжанованың алғырлығын айтпасқа болмайды.

-Алты айда 280,0 мың теңге орнына 1399,9 мың түсім түсіп, есепке алынды. Одан кейін де 500,0 мың түсім жинадық. Түсім көбірек түссе, өзімізге жақсы, біраз жоспарымызды іске асырамыз. Биыл түскен түсім есебінен құлаған үйлердің орнын тегістеп, басқа да халыққа қажетті шаруаларымызды жасап жатырмыз,-дейді Сәуле.

Жоғарыда талдап көрсеттік, бес округтің Жаңақаладан басқасы табыс табуға икемді екен. Құптарлық іс. Дегенмен, бюджеттік қаржыны уақытылы игеруде сылбырлық бар. «Конкурсты камералдық бақылау өткізбеді, жұмыс кеш басталды» деген себепті сылтау емес. Конкурсты уақытылы, сауатты өткізу, жоспарланған бюджет қаржысын мақсатты, уақытылы игеру елді дамытудың кепілі.  Елбасы Жолдауында атап көрсеткен мақсат та осы.  Сондықтан, қаржы билігі қолдарына тиген ауылдық округ басшылары жұмыстарын жандандыра түсулері қажет.

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале