31.07.2017, 12:46
Оқылды: 22

Ауыл спорты ойындарының жеңімпаздары анықталды

28-29 шілде күндері аудандық дәстүрлі «Ақбидай» VI ауыл спорты ойындары өтті. Төрт жылда бір өтетін спорттық додада 9 ауылдық округтен барлығы 400-ге жуық спортшы бақ сынады.


Екі күнге созылған ауыл спорты ойындарының нәтижесі бойынша, жалпыкомандалық есепте Жәнібек ауылының спортшылары жеңімпаз деп танылды. Олардан кем ұпай жинаған Тау ауылы – екінші, Жақсыбай ауылы үшінші орынға тұрақтады. Шағын футболдан Жәнібек, Жақсыбай, Ақоба ауылдары жүлделі орындарды бөлісті. Волейболдан ерлер арасында Жәнібек жеңіс тұғырына көтерілсе, Күйгенкөл мен Жақсыбай екінші, үшінші орындарды иеленді. Әйелдерден тағы да Жәнібек, Күйгенкөл, Борсы командалары үздік шықты. Қазақ күресінен Жәнібек жігіттері алда болса, гір тасын көтеру мен қол күресінен де қамыстылықтар жүлдеге қол жеткізді.

Жазғы президенттік көпсайыстан Жәнібек ауылы жеңімпаз атанса, екінші және үшінші орындарды Жақсыбай мен Күйгенкөл ауылдары өзара бөлісті. Асық атудан Жақсыбай, Ақоба, Борсы, тоғызқұмалақтан Ұзынкөл, Ақоба, Борсы командалары алдан көрінді.

Аламан бәйгеде Ұзынкөл, топ бәйгеде Тау шабандоздары көштің алдын бермеді. Теңге ілуден Тау, жамбы атудан Жақсыбай, аударыспақтан Жәнібек, көкпардан Тау спортшылары ептілік танытты.

Жарыстың барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медаль, диплом және бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табысталды. Барлық спорт түрлерінің жеңімпаздары тамыз айында өтетін «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының облыстық кезеңінде аудан намысын қорғайтын болады.

 Д.ЗЕННАТ, 

Жәнібек ауданы

                

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале