3.05.2017, 18:22
Оқылды: 50

Ауыл тазалығына бейжай қараған тұрғындарға айыппұл салынады

Теректі ауданында Федоров ауылын абаттандыру, санитарлық тазарту жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі бойынша аудан басшысы М.Мұқаевтың төрағалығымен жиын өтті.


Басқосуда АІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Б.Насимуллин аудан тазалығына қатысты осы кезге дейінгі жүзеге асқан шараларды баяндады. Оның айтуынша, 2016 жылы тәртіпке көнбеген 2 тұрғын айыппұл төлеген көрінеді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Бахитов қоқыс қалдықтарын салуға 120 контейнердің сатылып алынғанын, қазіргі таңда тұратын жерлерін белгілеп жатқандығын мәлімдеді.

- Әр апта сайын сенбілік ұйымдастырып, аудан орталығының тазалығын сақтауға үлес қосып жатқанымыз баршаңызға белгілі. Дегенмен бұл аздық етеді. Себебі тұрғындар да бұл іске атсалысуы қажет. Осы кезге дейін халықтың тазалық мәселесіне келгенде бейжайлығын байқадым. Отырған, жүрген жерлеріне ойларына келгенін істеп кете барады. Ал кешке сол жерде өз балаларының ойнайтынын мүлдем ескермейді. Ауылымыздың таза болуы, ең алдымен, өзімізге керек. Сол себепті, әріптестер, алдағы уақытта әр үйге барып, тұрғындарға абаттандыру  және тазалық сақтау бойынша жаднаманы үлестіріңіздер. Өте лас, қоқыстан аяқ басып жүре алмайтын жерлерді фотоға түсіріп, қатаң ескерту беріңіздер. Сондай-ақ 10 күннің ішінде тапсырма орындалмаған болса, жеке тұлғаларға ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес (505-бап, 1-тармақ) 45 380 теңге мөлшерінде айыппұл салынатынын да айтыңыздар. Бір ескертуден қорытынды шығарған адамға алғыс айтып, кез келген уақытта тексеріс болатынын, қайтадан сөгіс алған жағдайда, айыппұл төлейтінін түсіндіріңіздер. «Абаттандыру» туралы заңға сай әр тұрғын қақапаларын сырлап, аулаларындағы ағаш діңдерін әктеп, өзі тұрып жатқан үйдің аумағынан тас жолдың жиегіне дейінгі қашықтықты мұнтаздай таза ұстауы тиіс. Осы қаперлеріңізде болсын, - деді төраға Мұрат Рахметұлы.

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале