22.08.2017, 15:29
Оқылды: 23

Ауыл тұрғындары алкогольді өнімді сатпауды сұрауда

Сырым ауданы прокуратурасының «Кеңес керуені – ауылда!» акциясы Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында өтті. Ауыл тұрғындарымен кездесуге аудан прокурорының міндетін атқарушы Қанабіл Төремұратов, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева қатысты.


Бұл кездесудегі әңгіменің негізгі тақырыбы – халықтың құқықтық қауіпсіздігі. Былай қарағанда термин сияқты көрінгенімен, құқықтық қауіпсіздік деген сөздің ішіне көп мәселені кіргізуге болады. Адам өмірінің қауіпсіздігі, оның меншігіне ешкімнің қол сұқпауы, оның республика азаматы ретіндегі құқығының сақталуы өз алдына, әрбір адамның бақытты өмір сүруі, білім мен еңбекке араласуы, тіпті жанұялық өмірі де құқықтық қауіпсіздікке тәуелді. Сондықтан құқық, заң деген сөздің аясын тар деп түсінбеу керек. Аудан прокурорының міндетін атқарушы Қанабіл Төремұратов халыққа осыны айтты.

Ауыл-аймақта заңсыз алкоголь өнімдерін сатушыларға тыйым салу туралы ұсыныстар жиі көтерілуде. Алкогольді өнімдерді заңсыз түгілі, заңды түрде де сатпасын деген ұсыныстар да естіліп жатыр елден. Бұл – жақсылықтың нышаны. Осы мәселе, кейін заңсыз кәсіпкерлік мәселелері бойынша Сырым аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Ғұмаров  жауап берді.

Тұрғындардың жеке мәселелері үшін аудан прокурорының міндетін атқарушы Қанабіл Төремұратов арнайы қабылдау жүргізді.

Осы күні Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Махмет Қажиахметов жергілікті шаруалармен кездесті. Бұл жерде батыр, шешен Сырым Датұлының 275 жылдығын өз дәрежесінде өткізу ортақ әңгімеге айналды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале