24.03.2017, 14:31
Оқылды: 20

Ауыл тұрғындарының жиыны

Жәнібек ауданы Қамысты және Ұзынкөл ауылдық округтерінде тұрғындар жиыны өтті. Оған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин мен бірқатар аудандық бөлімдердің басшылары қатысты. Отырыста мал бағуды ұйымдастыру, оларды сырғалау мен вакцинациялау, ауыл тазалығы сияқты мәселелер қаралды. 

Аталмыш ауылдарда мал бағудың құны бір басқа 600 теңге болып бекітілді. Мал өріске 1 сәуірден бастап 20 қарашаға дейін шығатын болады. Ауа райына байланысты бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Қыста жиналған күл-қоқыстарды арнайы орындарға төгу үшін арнайы көліктің бір қатынауы Қамысты ауылында 2000-2500 теңге, ал Ұзынкөл ауылында 3000 теңге болып келісілді.

Жиын барысында аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы Ернар Сұлтанғалиев сөз алып, аталмыш ауылдарда былтыр мал ұрлығы фактілері тіркелгендігін, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін малды иесіз қалдырмай, бақташыларға қосу қажеттігін ескертті. Ол сондай-ақ өрістен қайтқан мал қамаусыз қалып, біреудің мүлкіне зиян келтірер болса, мал иесі әкімшілік жауапқа тартылатындығын мәлім етті.

Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Абзал Қаратаев малды сырғалау мен вакцинациялау туралы, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Роберт Биғалиев Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен оның бағыттарына тоқталып, сөз сөйледі.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин Қамысты ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыз су тарту, қос ауылдық округтің каналдарына су жіберу жұмыстарына қатысты сөз сөйледі. Ол өз сөзінде алдағы жылдары аталған ауылдардағы тозығы жеткен ғимараттарды жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқандығын мәлімдеді. Аудан басшысы сонымен қатар екі ауылдық округтің әкімдеріне ауылды көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Д.ЗЕННАТ

Жәнібек ауданы

             zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале