4.12.2019, 17:01
Оқылды: 219

Ауылдар адамсыз қалмаса екен

Бұрынғының сөзі мен көненің көзін көргендердің әңгімесін тыңдасаңыз, бәрі дұрыс. Олар өмірден алып айтады. Ертеректе өмір сүрген бабаларымыздың туған жерге деген сүйіспеншілігі туралы әңгіме, тіпті, бөлек. Жерге иелік етіп қана қоймай, сол жерді бар күшін салып қорғады олар. Киіз үй тігіп, малын жайды. Тіпті, батырларымыз өмірден өтерінде «Мені сол шекараға қойыңдар, жауды табаныммен тіреп жатайын!» деп, соңында қалған ұрпақтарына аманат етеді екен. Асыл ерлерім-ай, десеңші! Өзі дүние салса да ұрпағының тыныштығын тілеп жатады екен ғой, жарықтықтар!

Қазір қалай? Тіпті салыстыруға да келмейді. Бұл күнде жұртшылықтың басына аздаған қиындық түссе болды, қоныстанған жерлерін тастап,ауа көшуге әзір тұрады. Осы кезге дейін «бала оқытамыз» деген сылтауды жалау қылып қоныс аударғандар қаншама? Жуырда Достық ауылдық округіне қарасты Бастау елді мекенінде жұмыс сапарымен болып қайттық. Қазіргі таңда тұрғындардың айтуынша ауылда жалпы саны отызға жетпейтін шаңырақ бар. Сырт көзге бәрі жақсы көрінгенімен, ауылдажағдай мәз емес. Қабырғасы тіреумен тұрған кітапханаға көзіміз түсті. Оған жалғасып салынған бастауыш мектебі бар. Білім ошағы деген аты болмаса, ішінде бес оқушы мен бір ғана мұғалімнен басқа тірі жан жоқ. Аянышты-ақ. Бастауыш сынып мұғалімі Айнагүл Мақауова аз ғана оқушымен барын салып, жұмыстануда. Бірақ, оның мұғалімдік қызметі қай уақытқа дейін жалғасатынын бір Құдайдың өзібіледі. Бұл ауылда дүкен деген атымен жоқ.

Бастау елді мекеніндегі кітапхана

Бастау елді мекеніндегі кітапхана

Бұдан бұрын Ынтымақ елді мекенін аяқтай барып көрген болатынбыз. Ауласы гүлмен өрілген мектептің сырты жайнап тұр. Ынтымақтағы ағайынның білім ошағына деген жанашырлығы ерекше екен. Мектепте алты оқушы ғана бар. Бұндай жағдайларды көзбен көру оңай емес, әрине. Дегенмен, қазіргі жағдайы осындай. «Ауруын жасырған өледі»демекші, шынында да елдімекендерден халықтың үдере көшпеуіне атсалысуымыз керек. Оған текокруг әкімі ғана емес, ел болып жұмылғанымыз жөн.

Ынтымақ ауылы

Ынтымақ ауылы

Осы орайда аудан әкімі Алдияр Халелов шекаралық ауылдарды ұстап қалуға және ондағы халық санының тұрақталуына барын салып жұмыстануда. Азаматтардың ауылға қайтып келіп еңбек етіп, туған жерін қайта түлетуі жайында аудан басшысы жүрген жерінде ылғи айтады. Ауылдағы ағайынды еңбекқор болуға шақырады.Мәселен, Достық, Ынтымақ, Бастау сияқты ауылдар шекаралық аймақта орналасқаны мәлім. Негізінен,мұндай елдімекендерді иесіз тастауғаболмайтыны айдан анық. Ауылдан адам көшсе, кесірі мектепке тиеді. Сондықтан шекарада орналасқан ауылдардан тұрғындардың үдере көшпеуін қазірден бастап (кеш қалсақта) ойластыруымыз қажет-ақ. Сондағы ағайынға тиімді арнайы бағдарламалар ойлап тауып немесе жеңілдіктер қарастырыу қажет болама,не болғанда да шекаралық ауылдарға жататын елдімекендерден тұрғындардың көшпегені абзал.

Бірлік елді мекеніндегі мектеп

Бірлік елді мекеніндегі мектеп

Біз, газет тілшілері жұртқа ақыл айтудан аулақпыз, десекте жоғарыда аталған ауылдардың қазіргі жағдайын көріп, жанымыз ашығандықтан қолымызға қалам алдық. Осындайда кәсібін нәсіп етіп, Алладан сұрағанына қол жеткізіп отырған бай-қуатты азаматтар жанашырлық танытса игі. Жұмысшыларды отбасымен бірге көшіріп әкеліп, отағасына жұмыс беріп, ұл-қызын мектепке орналастырса аталған олқылықтардың орны толар еді-ау. Қайткенде де бұның бәрін реттеу үшін,әрине, уақыт керек.Өмір бойы ауылда тұрған адамды қаланың қатаң тірлігі аяй қоймас. Әсіресе жаңадан барған «көшпенділерге» оңай болмасы белгілі. Пәтер жалдап, тапқанын қапқанына жеткізе алмай жүрген отбасы қаншама! Одан да ауылда қалып, ағайынмен араласып, барына шүкіршілік еткен жақсы емес пе?! «Тама берсе тамшыда тасты теседі» дегендей, қозғалған мәселенің соңынан қалмай айта берсек, түбі бір жақсылыққа жолығармыз. Мүмкін аталған ауылдарға жас отбасылар көшіп келіп, көшелері ойын баласына толар. Үмітіміз өшпесін!

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале