26.02.2018, 11:45
Оқылды: 94

Ауылдастары Мейрам Исатайұлын еске алды

2017 жылдың күрең күзінде Ұзынкөл топырағының төл перзенттері, ажырамас достар Мейрам мен Саябек қапыда дүйім жұртты қан жылатып, «Келместің кемесіне ерте мініп», жол аптынан мәңгіге аттанған болатын. Дүм дүниенің қатыгездігі жалындап келе жатқан жастар ерте сөнген кезде байқалады екен. 

 Ұзынкөл ауылдық Мәдениет үйінде Мейрам Исатайұлының туған күніне орай, жерлестері «Алыстап кетті нұр бейнең...» атты еске алу кешін өткізді. Ауыл әкімі Алтай Бақтығалиұлының мұрындық болуымен өткен кешті аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Лариса Сәбекенқызы жүргізіп отырды.

Иә, өмір өз билігіне масаттанып жалғаса берер... Алайда Мейрам Исатайұлының 33 жыл ғұмырында еңбекқорлығының, талантының, өмірге шексіз махаббатының арқасында  жеткен жетістіктерін, оның адамгершілік ізгі қасиеттерін  кейінгі ұрпақ білу керек, үлгі  алу керек. Еске алу кеші Мейрам Исатайұлының досы, сыныптасы бүгінде елге танымал журналист Мейіржан Әлібекұлының әлеуметтік желіге жазылған Ұзынкөл ауылы туралы мөлдір мезеттері, мұң-сағынышы өрілген сыр жазбаны Әлішер Кенжеғалиев оқып, көрініс қойылды. Бала кезінен ерекше өскен Мейрам өз өміріне де асқан жауапкершілікпен қараған екен. Өмірге құштар жанның өз қолымен балалығынан бастап  үйленген шаққа  дейінгі  фотосуреттерден жинақтап жасаған слайд-презентациясы көрерменге көрсетілді.

Сахна төріне анасы Айша Сақтапбергенқызы көтеріліп, «аяғы доп теуіп жүрсе, аузы ән салып жүретін» бала Мейрамның сонау «Әнші балапаннан», «Балдәурен», «Дала дарындары» сынды  алғаш  байқауларға қатысқан сәттерін, жайсаң мінезін тебіреніп еске алды.

Сондай-ақ аудандық «Көкжиек» телестудиясының қорында сақталған Мейрамның Қ.Бердіғалиев атындағы термешілер байқауында шырқаған  кадрларынан, Елбасы алдында сөйлеген сөзінен үзінді кадрлар, сыныптасы Мейіржан Әлібекұлының барлық сыныптастарын сөйлетіп, досқа деген сағынышын жеткізген бейнежазбасы, еңбек жолындағы өсуі туралы естелігімен бөліскен әріптесі Мерген Сүлейменовтың бейнежазбасы кешке арқау болды. Ал ауыл әншілері мен оқушыларының әндері кештің шырайын кіргізді.

Кешке арнайы барған Ахмедияр Қуанұлы өлкетанушы, журналист жерлесіміз Дәулеткерей Атауұлының сонау Астанадан жіберген естелік хатын оқып берді. Ал мұғалімі Гүлшара Жапақова оқушысы туралы естеліктерін жеткізді.  Кештің соңында Алтай Бақтығалиұлы  оқушыларды жерлес ағаларынан үлгі алуға шақырып, Мейрам Исатайұлын мәңгі есте сақтау керектігін айта келе, келген  қонақтарға алғысын білдірді.

                                                                                                      Ә.Сірәлі

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале