7.07.2020, 11:51
Оқылды: 339

Аялдама ма, әлде әжетхана ма?

Кеше қалқан, бүгін қайран болған аялдама

Сіз бен біз діттеген жерімізге жету үшін аялдамадан көлік күтеміз. Осы орайда аялдаманың көмегі көл-көсір. Қыстың қақаған аязынан, жаздың аптап ыстығынан, күздегі жауын-шашыннан бізге ықтасын һәм  қалқан болатын осы аялдама екені сөзсіз. Қазіргі таңда заманауи аялдамалардың да көптеп салынуы қуанарлық жәйт. Аялдамалардың көптігі бізге артық етпейді, әрине. Алайда аялдаманың әжетханаға айналуы көңілге қаяу салатыны рас. Осындайда аялдама орнатуға жұмсалған қаржының текке кеткенін ойлап, жүрегің сыздайды. Кей ауыл тұрғындары «біздің ауылға аялдама қажет» деп өзекті мәселе көтеріп, ал кейбіреуі бар аялдаманың қадірін білмей,  бүлдіріп әлек. Мәселен, аялдамадан көлік күтіп тұрған жолаушы еш ұялмастан дәрет сындыратынын қайтерсіз? Сондай-ақ өткен-кеткен машинадағы жолаушылар да бұл ұят тірліктен қалыс қалмайды. Құдды бір әжетханаға тоқтағандай әлгі машинадан секіріп түсіп, аялдамаға келіп еш шіміркенбестен әжетін өтеп жүре беретіндерді мына көз талай көрді. Ал ауыз тоқтау салатындай сөзді де айтқан еді, оған құлақ асатын адам жоқ. «Сен кімсің?» деген сыңай танытып ләм-мим деместен жүре береді. Жас-кәріден, әйел және ерінен де ұят кеткен.

2C220452-8C67-4DB8-AD1F-E099741E531C

Жалпы, әжетхана әдебін сақтау барысында шариғатта да өзіндік ереже бар екені әмбеге аян.Әр пенде ел көзінен таса жерде әжетін өтеуі шарт. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Лағынетке ұшырағандардан ұзақ тұрыңдар. Олар мына үш жерге дәрет сындыратындар: Тұрған суға (немесе адамдар жиналатын су жағалауларына), жол ортасына және көлеңке жерлерге» деген екен. Қанеки, қасиетті сөзді ұғынар жан бар ма? Жаңағы дәрет сындырғыштар осы сөзді санасына мықтап тұрып құйып алса игі.

Жаз мезгіліндегі жағымсыз иіс

Аялдаманы әжетханаға санайтын, әрі мәдениеттен жұрдай жандарға жалпақ жұртшылықта жиіркенішпен қарайтыны шындық. – Бір күні қызымыз екеуміз Оралда тұратын әжемізге бармақшы болып, жолға шықтық. Федоров ауылына кіреберіс жолдың маңындағы аялдамада тұрып, Долин ауылынан шыққан ағамыздың көлігін күттік. Бір мезетте аялдаманың жанына керемет үлкен джип келіп тоқтады да, ішінен еңгезердей ер адам түсті. Дәл біздің көзімізше ұялмастан дәрет сындырды. Өзім жерге кіріп кете жаздадым, сасқанымнан  алақаныммен қызымның көзін баса беріппін ғой. Шыдай алмай «бұл жер әжетхана емес, аялдама екенін көзіңіз көріп тұр. Неге әжетханаға бармайсыз?» деп едім, «қарындас, сізден туалет сұраған жоқпын» деп қарқылдап күліп, тіпті мені келеке етіп кете барды, – дейді Федоров ауылының тұрғыны Сандуғаш Темірәлиева.

DF9BAAD7-FEDD-4669-8297-CABD07C1FC85

– Адамнан ұят кеткелі қашан? Қазір біреуге ақыл айтып, я болмаса бұрыстығын айтып, дұрыс жолға бағыттап, жөн сілтей де алмайсын, керісінше өзімізге дүрсе қоя береді.  Мысалы, осы Жайық ауылында жалғыз аялдама бар. Кеңес үкіметі кезінде салынған аялдама жөндеу көрген жоқ. Барға қанағат деп, сол аялдамада тұрып, көлік күтеміз. Бұл жерге кім тоқтап, кім дәрет сындырмады десеңізші? Көре-көре, көз де үйренеді екен, жүдә. Әу баста, осы жерде дәрет сындырған адамды көріп қалсам, ұрса жөнелетінмін. Қазір ешкім мені тыңдамайды да. Жастар, жастар дейміз-ау, әй, тіпті біз сияқты кемпір-шалдар да  осы жерді дәретхана санайтын секілді. Әйтеуір, отыра қалады. Айтайын дегенім, жаз келсе болды, осы аялдамадан жағымсыз иіс мүңкіп, берекетімізді алатыны рас. Әркімнің кесірінен бұл жерде тұрып таза ауамен демалудан қалдық. Ауыл басшылары аялдама тұсынан дәретхана салып берсе жақсы болар еді. Олай болмаған жағдайда, мына аялдамаға үлкен есік қондырып, біржолата дәретхана қылып жіберетін болармыз, – деп мұңын шақты Федоров ауылдық округіне қарасты Жайық ауылының тұрғыны М.Сахыпкереев.

Әлем әжетхана күнін тойлап жүр, ал біз?

Дұрыс! Жалпы аялдама маңында бір әжетхананың болғаны жөн. Бұл да болса мәдениеттілікке, тазалыққа тәрбиелейтін бірден-бір дұрыс жол. Әжетхана демекші, дүние жүзі бойынша әлем елдері қараша айының 19-ы күні әжетхана күнін атап өтуді әдетке айналдырған екен. Міне, тазалық деген осы! Әлем әжетхана күнін тойлап жүрсе, ал біз өзді-өзімен тұрған аялдаманы әжетханаға айналдырудың «шебері» болып жүрміз.

«Аялдама тұсында әжетхана неге жоқ?». Осы сауалға жауап іздеп Федоров ауылдық округінің әкімі Әсет Әубәкіровке барған едік.

– Ауыл ішіндегі аялдамалар жаңадан орнатылған. Бұл жерде дәрет сындырып жүрген адамды көрмедім әрі естіген жоқпын. Ал енді ауылға кіреберістегі аялдаманы барымызша тазарттық. Тіпті жолаушылар сусын құтыларын лақтырып кетпесін деп арнайы контейнерді де қойдық. Осы жердегі аялдамаға өткен-кеткен жолаушылардың дәрет сындыратынын білемін. Бұл орайда арнайы әжетхана  қоя алмай отырмыз. Себебі аялдама сайлы жерде орналасқан. Артына әжетхана қоюға орын тар болып тұр. Ал қарама-қарсы бетте бензин тұрағы орналасқан, сол жерде әжетхана да бар. Мәселен, қақ алдында тұрған әжетханаға бармай, жолаушылар аялдайтын тұсқа дәрет сындырған жанды өз көзімен көрдім, мұндай жандарға не айтасыз, –  деді ауыл басшысы.

Әжетіңді әрі өте, әйтпесе...

Егер бойыңызда аз-маз ұят болса, әжетіңді әрі өте, әйтпесе айыппұл төлеп, он тәулікке дейін  қамалуыңыз әбден мүмкін. Бұл хақында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көрсетілген. Осы заңның 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша ереже бұзған адамға 12 625 (5 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

Тазалық табалдырықтан басталады. Ауыл ішіндегі немесе сыртындағы аялдамалардың мұнтаздай таза болғаны бәрімізге жақсы-ау, сондықтан оны  дәретханаға айналдыруды қоялық, адамдар! Біз мал емеспіз, санасы бар пенде едік қой!

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале