12.08.2020, 10:32
Оқылды: 144

Азамат - тәтті пісірудің шебері

Еңбек етіп ақша табам деген адамға қазір барлық мүмкіндік бар. Мейлі шектеулі уақыт болса да кәсібін нәсіп қып, түрлі әлеуметтік желі арқылы бірі кітап сатып, бірі қолөнер бұйымдарын, енді бірі аяқ киім жөндеп табыс табуда. Сондай кәсіптің бір түрі – торт пісіріп сату.  Бұл жолғы тәтті пісіруші Азамат есімді бозбала. Жақында ғана ҚР «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған «Atameken stars» байқауына қатысып, республика бойынша 3-орын иеленіп, 50 мың теңгеге ие болған Азамат Балбердиновтың жасы не бәрі 15-те.

Tort (1)

"Бастысы адал іс болса болды"

- Мен өзімнің алғашқы тортымды осыдан екі жыл бұрын әжемнің туған күніне жасадым. Ол торт өте дәмді болып шықты. Осылайша менде торт жасауға деген қызығушылық пайда болып, кейін сол жолды жалғастара бердім. Сөйтіп, маған алғашқы тапсырыстар түсе бастады. Мен арнайы шеберлік сыныптарына бармадым, бірақ өзім үйде отырып интернеттен торттар мен басқа да тәттілердің жасалу жолын қарап, кондитерлік өнімдерді пісірудегі шеберлігімді шыңдап отырамын. Өнімдерімді қандай да бір жолмен халыққа ұсыну үшін мен инстаграм аккаунтымды аштым. Рас, басында ата-анам: «Ер балаға ас үйдің тірлігіне араласқан жараспайды» деп көніңкіремеді.

Аспаз болғаннан әйел болып кетпейсің. Ер азаматқа тән ұстанымды ас әзірлеу өзгертеді деп айта алмаймын. Қазіргі уақытта қандай іске икемің бар болса, одан еш тартынбау керек. Бастысы адал іс болса болды. Бүгінде кондитерлік салада кәсібі өрге домалап, танымал боп  жүрген ерлеріміз баршылық. Ірі мейрамханалардағы аспаздардың да 80 пайызы ерлерді құрайтыны да шындық.

"50 мың теңге жүлде алдым"

- Өз басым ешкімге бағынышсыз, жеке кәсібімнің болғанын қалаймын. Болашақта өзімнің жеке бизнесімді ашсам деймін. Өз қолымнан шыққан дүниелерді Қазақстанның бренді еткім келеді. Кейін өнімдерімді Қазақстанның барлық қалаларынан көрсем деген арманым бар. Кәсіпкерлік, бизнес саласына шынымен қызығамын. Сол бағытта түрлі мәліметтерді оқып қараймын. Мәселен, мен мектепте  өткен "Өз бизнесінді баста" атты байқауға қатыстым. Ол байқау менің жеке бизнеске деген қызығушылығымды одан бетер арттырды. Кейін еңбек сабағынан беретін мұғалімім "Atameken stars" байқауы туралы айтқанда мен еш ойланбастан өз жобамды ұсындым.  Жас бизнесмендерге арналған бұл онлайн-байқауда арнайы курсты оқып және кез келген бір жоба ұсынып, оның идеясын, халыққа әкелер пайдасын, кіріс-шығыс туралы және басқа да критериялар бойынша презентация жасау керек болды. Ол презентацияны мен 3 күннің ішінде жазып, сайтқа тіркеп, сабақты қарап, тапсырмаларды орындадым. Бір жұмадан кейін маған Атамекен ҰКП менеджері телефон соғып, жобам туралы сұрап, сұрақтар қойды және сол күні кешкісін тікелей эфирде жеңімпаздарды атады. Жеңімпаз атанам деп ойламасам керек, сол кезде өзімнің атымды жеңімпаздар қатарынан естігенде, шыны керек, таң қалдым. Осылайша мен  "Atameken stars"  байқауынан 3-орынға ие болып, ақшалай 50 мың теңге жүлде алдым. Өзім іштей қуанып, «бұл менің кәсіпкерлік жолымдағы алғашқы табысым» деп түйдім. Ата-анам да қуанды. Олар да менің осы жолдағы ыңғайымды түсінгендей. Жүлдеме келген ақшаға торт пісіруге арналған құрылғылар сатып алдым.

Tort (2)

"Әлеуметтік желі - мен үшін табыс көзі"

- Әлеуметтік желінің зияны туралы түрлі пікірлер бар. Бірақ мәселе кімнің қалай пайдаланғанына байланысты болса керек. Бүгінде әлеуметтік желіні негізгі табыс көзіне айналдырып отырғандар жетерлік. Компаниялардан бөлек мен секілді жеке тұлғалар да дайындаған өнімін инстаграм арқылы сатады. Бұрынғыдай дүкенге жүгіріп әуре болмайсыз. Инстаграмды ашып, қалағаныңызға тапсырыс бересіз, көп кешікпей тапсырыс үйіңізге келеді. Таза жұмыс, адал еңбек.

Қазір шектеулі режимге байланысты той-думан да шектеулі, соған орай тапсырыстар да аз. Дегенмен халықтың «Молочная девочка» деген тортқа сұранысы басым. Торттан бөлек те тәттілер пісіріп, дайындаймын. Олардың да сұранысы жоғары. Мен үшін ең бастысы – тұтынушылардың көңілінен шығу, яғни сатып алушыларымның алғысына бөленіп, қуанышына ортақтасу. Тәттілерді әзірлегенде махаббат пен сабырлылықты басты ұстаным етемін. Сонда ол сәтті әрі дәмді болып шығады.

Биыл 9-сыныпты жақсыға аяқтадым. Ақтөбе қаласындағы техникалық колледждің «Аспаз-кондитер» мамандығына құжаттар тапсырып жатырмын. Бұйырса, ата-анамның қалтасына салмақ салмай оқуға түсіп кетсем, үлкен арманымның алғашқы сатысының орындалғаны болар еді.

P/S: Бұл өз қызығушылығының арқасында алдына айқын мақсат қоя білген Азаматтың сөздері болатын.

Өз мақсатына жетіп, ата-анасын қуантсам деген Азаматқа біз де сүйсініп, жолына сәттілік тіледік.

Расында кейін Азамат дайындаған Қазақстандық тәттілер брендке айналып әлемді жаулап жатса, оның несі жаман? Осындай іскер жастарымыз тұрғанда ол күнге де жетерміз деп ойлаймыз.

                                                                                                    Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале