17.03.2017, 17:39
Оқылды: 25

Азаматын ұмытпайды Ақжайығы

Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта кезінде осы үлкен ауданды басқарған Әлібек Сәтбаевты еске алуға арналған үстел теннисінен облыстық ашық турнир өтті.

130-дан астам ойыншы келген бұл шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Әділ Жоламанов, Әлібек Байжанұлының үзеңгілес жолдастары, сыйлас болған аға-інілері, зайыбы Жаңыл Мақылқызы болды.

– Өткен 90-шы жылдардың нағыз ауыр кезеңінде ірілендірілген Ақжайық ауданын басқарған Әлібек Байжанұлының еңбексүйгіштігі, адами келбеті, жастар тәрбиесіне қосқан үлесі дүйім жұртқа мәлім. Ол дене тәрбиесі мен спорттың өркендеуіне де бекем атсалысып, өзінің жеке өнегесін көрсеткен жан болып та табылады, спорттың бірнеше түрімен сүйіп айналысты. Ауданымыздың Құрметті азаматының жарқын бейнесі ел жадында өшпейтініне бүгінгі ашық турнир мықты дәлел екені сөзсіз. Осындай сайыстың біздің ауданымызда, яғни Әлібек Байжанұлының көпжылғы қолтаңбасы қалған жерде өтуі мерейімізді өсіреді,-деді аудан әкімі Әділ Жоламанов.

Тартысты бәсекелер қорытындысында 2000-2002 жылы туған ұлдар арасында Аслан Оразбай (Ақжайық ауданы), қыздар арасында Гүлнара Есетова (Ақжайық ауданы), 2003-2005 жылы туғандар арасында Ерасыл Бекетов (Жәнібек ауданы), Аружан Ақылбекова (Ақжайық ауданы), 18 – 40 жастағылар арасында Дулат Жүзбаев (Орал қаласы), 41 – 51 жастағылардан Бейбіт Ықыласов (Орал қаласы), 52 – 60 жастағылардан Генади Сұлтанов (Орал қаласы), 61 – 65 жастағылардан Абай Исқайров (Ақжайық ауданы), Неля Қазбаева (Орал қаласы) І орын иеленді.

Ал ерекше ойын көрсетіп, көзге түскен Айару Нұрланова (Ақжайық ауданы) «Жас ойыншы», Мәрлен Конатаров (Тасқала ауданы) «Үздік техникасы үшін», Мүтиғолла Мәденов (Орал қаласы) «Үздік ардагер ойыншы», Қайыпхан Досқалиев (Орал қаласы) «Үздік ардагер ойыншы», Светлана Қабдолова (Ақжайық ауданы) «Жеңіске жігерлігі үшін», Гүлсайран Әжғұлова (Орал қаласы) «Үздік ойыншы» аталымдарымен қошеметтелді.

Жүлдегерлер медаль, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ.

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале