2.08.2017, 17:36
Оқылды: 33

Азаттықты аңсаған алаш азаматтары

Бүгін Сырым ауданына «Ақжол» ҚДП Атырау облыстық филиалының Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған экспедиция мүшелері келді.


Экспедиция мүшелері алдымен Алаш саябағына ат басын тіреп, ондағы Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткішті көріп, гүл шоқтарын қойды. Қадыр ескерткішінің алдына суретке түсті. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін тамашалап, мұражайдағы  «Азаттықты аңсаған Алаш азаматтары» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің  бас маманы Перизат Илашева  Алаштың 100 жылдығына орай ауданымызда ұйымдастырылған шаралармен таныстырды.

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева Алаш мұражайы туралы әңгімелеп, Жаһанша Досмұхамедовтың жерленген жерін іздеп, ауданымыздан арнайы ұйымдастырылған Жымпиты-Мәскеу экспедициясымен барып келгенін айтты. Айнагүл Мағауияқызының айтуынша, Жаһаншаның жұбайы Ольгаға күйеуін өртеп жібердік деп, бір уыс күл апарып бергенімен, оның кейін тірі жүргенін көргендер бар екен. Бутово полигонында 20761 адам 13 шұңқырдың ішіне көміліпті. Сол шұңқырлардың бірінде Жаһанша жерленген екен.  Ол 1938 жылдың 3 тамызында атылған. Сол күні Жаһаншамен бірге барлығы 120 адам атылған екен. Оның ең кішісі 13 жасар бала болса, үлкені 81 жастағы қария екен. Жымпитылықтар Дондағы Әлихан Бөкейхановтың басына да барып зиярат етті.

Тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет: «Алашорда – біздің біртұтастығымызды көрсетті. Алайда, осы Алашорда үкіметі туралы толыққанды зерттеп біткен жоқпыз. Алаштың земствосының рөлі мықты болды. Оны көп айта бермейміз.  Алаштың  200 офицерінің аты-жөнін әлі жинай алмай келеміз. Алаш қайраткерлерінің ұрпағы өзінің ата-тегі, олардың өмірі туралы айтуға ғасыр өтсе де, қорқады. Алаштың отрядын құрған Ағаев деген азамат туралы зерттеу жұмыстары аз. Бір ғасырлық тарихы бар Алаш үкіметі әлі де іздестіруді, зерттеп-зерделеуді қажет етеді»,- деді.

Тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы Алаш қайраткерлерінің шығарған газеттерінің тарихы туралы сыр шертті. 1926 жылы «Еркін қазақ» атты газеттің бір ғана саны шығыпты.  Мұнда Ахметқали Мәмбетовтың өлеңі, Х.Досмұхамедовтың газет шығаруда көрген қиындығы туралы жазған мақаласы жарияланыпты.

Сырымдық ардагер Сыдық Тажмұхан Қуанай қазіреттің қуадалауға ұшырағаны туралы айтып, аудандық мешітке Қуанай қазіреттің атын беру жөнінде ұсынысын білдірді.

Көршілес облыстан келген экспедицияшылар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне, аудандық кітапханаға естелік кітаптар сыйға тартты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале