15.06.2017, 17:17
Оқылды: 24

Азия чемпионатының жүлдегеріне құрмет

karatob aziaҚырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен қол күресінен (армрестлинг) Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған Сүйесін Құмаровты аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Иманғалиев қабылдады. Айта кетейік, Сүйесін – Қаратөбе балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің «Қол күресі» үйірмесінің тәрбиеленушісі.

Бұған дейін де айтулы додаларда қол күші ептілігін танытып, облыс, республика көлеміндегі чемпионаттарда ірілі-ұсақты жүлделерді қанжығасына байлап жүрген Сүйесін Ермұратұлының бұл жолғы жүлдесі – аудан, облыс үшінде өте қомақты.

- Еліміздің абыройын асқақтатып, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған Сүйесінді жеңісімен құттықтаймыз. Алар асу мен бағындырар белес көп болсын! Үздік төрттікке енген Фархаттың да еңбегі зор. Жас спортшылардың үлкен жетістіктерге жетуі жаттықтырушылары Нұрхат Есенжанұлының еңбегі деп білеміз. Әркез табыс көп болсын. Біз қолдауға әзірміз! - деді өз сөзінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Нәсіпқалиұлы.

- Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Пәкістан, Жапония, Корея, Үндістан, Иран және Қазақстан мемлекеттері арасында өткен дүбірлі додада жеңіске жету әрине, оңай емес. Бұл жолда ел абыройын асқақтатып, көк байрағымызды Бішкек төрінде биікке желбіретуге бірден-бір себепкер жаттықтырушымыз Нұрхат Нысановтың қажырлы еңбегіне байланысты, - дейді чемпион Сүйесін.

Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш чемпионатқа қатысқан қаратөбелік жас спортшы Фархат Қалиев те (жаттықтырушысы Н.Нысанов) үздік төрттік қатарына енді.

Қаратөбе балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің «Қол күресі» үйірмесі ашылғанына көп бола қойған жоқ. Алайда, үйірме тәрбиеленушілері бар болғаны үш жылдың ішінде республика, облыс чемпионаттарында топ жарып үлгерді.

Елге үлкен абыроймен келген Сүйесіннің жолын үйірмеге қатысушы іні-қарындастары да жалғастырмақ ниетте.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале