28.04.2018, 11:11
Оқылды: 47

«Қазақы жабылардан да жүйріктер шығады»

Қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының сын-сипатын, бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Атбегілер жүйрік болар жылқыны құлын кезінен баптап, аттың сынына аса мән берген. Міне, осындай шын тұлпарды тұрысынан танитын атбегінің бірі – қошанкөлдік Ғайса Жұмағалиев.

Қошанкөл ауылдық округіндегі «Қарасу» шаруа қожалығына жетекшілік ететін атбегіге ат баптау өнері әкесінен дарыған қасиет екен. Әкесі де жылқы бағыпты. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау өнерді қазір Ғайса ағамыз өзінің өміріндегі ең құнды қазынасына балайды.

- Жылқының шын жүйріктігін танытатын тұсы - дөнен жасы. Осы кезде жылқының бабы келісіп, сүйегі қатая түседі. Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол дөнен жасында бәйге бермейтіні анық. Нағыз сәйгүлікті құлын, тай кезінен-ақ танып білесің.

Негізі бізде шауып жүрген аттардың дені араб, ағылшын тұқымдас будандар. Ал өзіміздің қазақы жылқылар сиреп кетті. Сиреген себебі қазақ жабылырын былай ысырып қойып, будан аттарға жармасып жатырмыз. Бабын келтірсе, қазақы жабылардан да жүйріктер шығады. Ол үшін бұрынғыдай ұзақ қашықтықтағы аламан бәйгелерді ұйымдастыру керек.

Біріншіден, бұндай аламан бәйге ұлтымыздың тарихи дәстүрін және санасын жаңғыртады. Екіншіден, бұндай қашықтыққа аттың аты ғана шаба алады. Яғни, біз осындай дәстүрлі бәйгемізді жаңғырту арқылы жоғалтқан жүйріктерімізді табамыз. Бұндай қашықтыққа будан тұқымдар шаба алмайды.

Мендегі тұлпарлардың дені - жабылар. Будан тұқымдастары да бар. Оларды күтіп-баптауға ешқашан ерінген емеспін. Жылқы жанын түсіну жан рахатын береді. Жылқы баптау – қазақтың қанындағы қасиет, -дейді атбегі.

Жылқы десе делебесі қозатын ағамызды аудандағы ат спортының жанашыры деуге толық негіз бар. Қашан көрсең де ауданда өтіп жататын бәйгелердің ортасында жүреді. Сонымен қатар соңғы жылдары Қошанкөл ауылында көкпаршылар командасын құрып, оларды жаттықтырып жүр.

Міне, қаламымыз арқылы қазақтың қанында бар қасиетті дамытып, жылқы малын баптап жүрген атбегі ағамыз Ғайса Жұмағалиевтің бейнесін көрсетуге тырыстық. Осындай атбегілер тұрғанда қазақ пен жылқы ұғымы егіз бола бермек.

 Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале