28.07.2020, 18:45
Оқылды: 65

Бәйтерек ауданында 19 өрт фактісі тіркелген

Жаз мезгілі күннің күрт ысуы салдарынан орман-тоғайлар қызыл жалынның құшағында қалып жатады. Сол себепті орман-дала өрттерінің алдын алу жұмыстары ерте басталады. Бірақ тілсіз жаудың қай жерден тап беретінін алдын ала болжау мүмкін емес.

D0AF271A-7D25-4295-A107-313061876472

Биылғы жаздың өзінде Бәйтерек ауданында тұрғын үй, шаруа құрылысы, құрғақ шөп, тіпті автомобиль өрттері тіркелген. Бұл жайында Бәйтерек аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары мәлімдеді.

-Күні бүгінге дейін аудан аумағында 19 өрт фактісі тіркелді. Оның екеуі дала өрті. Әдетте өрт ашық от және от ұшқыны, ауа райының күрт ысуынан болып жатады. Ауадағы газ қышқылы концентрациясының төмендеуі, өрт шыққанын хабарлайтын арнайы қондырғылардың істен шығуы қызыл жалынның өршуіне себеп болып жатады. Тілсіз жау ғимараттарды зақымдап, үлкен материалдық шығынға әкеліп соқтырады. Өндірістерде өрт - технологиялық режимдердің бұзылуынан орын алатын болса, орман-дала өрттеріне қарапайым сақтық шараларына немқұрайлы қарауы себеп,- дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, аға лейтенант Талғат Бекмұханов.

91997AA8-7569-47EA-81E4-8DC0A0B516B3

Ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары өрттің алдын алу шаралары әлі де тоқтамағанын айтады. Төтеншеліктер ауыл шаруашылық құрылымдарының басшыларына жадынамалар таратып, аудан тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын үзбей жүргізіп келеді. Бұдан бөлек әр ауылдық округте тіркелген ерікті өрт сөндіру құрылымдарына да көп көңіл бөлінуде.

-Ауданда ерікті өрт сөндіру құрылымдарының жұмысы жақсы жолға қойылған. Өрт сөндіруге қажетті құрал-жабдық толық. Биыл орын алған екі дала өртін ауыздықтау кезінде аталған құрылымның көмегі көп болды,-дейді Талғат Нәсіпұлы.

Биыл дала өрті бұған дейінгі жылдарға қарағанда төмен. Бұл да бір қуанарлық жайт.

Аружан Болатбекқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале