22.11.2019, 11:33
Оқылды: 141

Бәйтеректе шағын футболдан біріншілік ұйымдастырылды

 

Бәйтерек аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешені базасында ауданның құрметті азаматы, Еңбек Ері Қариполла Абдушевті еске алуға арналған шағын футболдан 2005-2006 жылдары туған оқушылар арасында аудан біріншілігі өтті.

baiterek sport (3)

Еңбек Ері Қариполла Абдушев 1939 жылы дүниеге келген. 1958 жылы туған жерінен аудандағы Зеленый ауылына қоныс аударған.

Аталмыш ауданның «Путь к коммунизму» колхозында 1972 жылға дейін механизатор қызметін атқарып, 1971 жылы табысты еңбегі үшін «Ленин» орденімен марапатталады. 1972-1986 жылдары егістіктегі трактор бригадасының бригадирі болады. Ел үшін ерінбей еңбектенген ерге аталмыш сала бойынша 1976 жылы жоғары өндірістік көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекетке мол астық тапсырғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. 1977 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен, ал кейінгі жылдарда көптеген медаль, грамоталармен марапатталған.

Ел мәртебесін биікке көтерген ардақты тұлғаны еске алуға арналған шағын футбол ойынына ауданның 10 ауылдық округінен командалар қатысып, тамаша ойын өрнегін көрсетті.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов сөз сөйлеп, ел ардақтысының ерен еңбегіне тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Одан соң ауданның құрметті азаматы Қадырбай Абдушев, ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Есенгелді Киргенов, еңбек ардагері, кезіндегі әріптесі Амангелді Мыңбаев сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Шағын футбол қорытындысында Егіндібұлақ ауылдық округі командасы І орынды, Дариян ауылдық округі командасы ІІ орынды, Переметный ауылдық округі командасы ІІІ орынды иеленді.

Жарыстың өтуіне «Киргенов» шаруа қожалығы (басшысы Есенгелді Киргенов) демеушілік жасады.

Ертай Бимұханов

суреттерді түсірген Сәлім Мәмбетәлиев

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале