18.09.2020, 10:36
Оқылды: 68

Бәйтеректік қолөнерші

Қолөнер – көркем мәдениеттің негізі болған сырлы өнер. Қазақ халқында бұл өнер ежелден дамып, ұрпақтан-ұрпаққа, анадан-балаға ғибрат болып жүр. Алайда қолдың икемі мен шеберлікті талап ететін бұл өнер түрі әркімге бір дари бермеген.

Koloner (1)

Бойымдағы шеберлік қасиет анамнан дарыған дейтін Бәйтерек ауданы Переметный ауылының тұрғыны Асылзада Исалиеваның қолөнермен айналысып, көздің жауын алатын түрлі бұйым жасап жүргеніне екі жыл. Құрылыс мамандығын игерген 27 жасар Асылзада негізгі жұмысына қарағанда қолөнермен шұғылданғанды ұнататынын айтады.

Koloner (1)

– Қазіргі уақытта тұрмыстамын, бір қызым және ұлым бар. Кәсібімді тұңғышым көрінгенде қызыма арнап бұйымдар жасаудан бастадым. Кейін көпшілікке, таныстарыма жасаған бұйымдарым ұнап, көңілдерінен шығып жатты. Сол кезден бастап бантиктер, түрлі бұйымдар жасауды жалғастырып, шағын кәсіпке айналдырдым, – дейді Асылзада.

Шебердің айтуынша, кәсібін бастау үшін аты шулы курстардан өтіп, шеберлік сыныптарына қатыспаған. Ғаламтор желісінен, YouTube платформасынан видео-сабақтар қарап, жасау техникаларын және әр бұйымның қандай материалдан жасалатынын игеріп алған.

Koloner (2)

– Материалдарымды ғаламтордан тапсырыс беремін, кейде Орал қаласындағы дүкендерден алып келемін. Әр тапсырыс берушімнің талғамына, сұранысына байланысты әшекейлер жасап жүрмін. Неше түрлі шаш бұйымдарын жасаймын. Тұтынушыларым жұмысыма риза болып, алғыстарын айтып жатады. Сондай кезде ісімнің бос еместігіне көзім жетеді. Әр адам өзіне ұнайтын істі кәсіп етсе, елімізде жұмыссыздық болмас еді, – дейді шебер.

Асылзаданың бұйымдары көбіне мектеп оқушыларына, балабақшадағы бүлдіршіндерге, дүниеге келген сәбилерге арнап жасалады. Бұйым жасаудың бірнеше техникасын игеріп алған ол көп жағдайда экобылғары және репс материалдарын қолданатынын айтады. Кішкентай сәбилері бар шебер күніне аз да болса уақытын сүйікті ісіне бөліп, жұмыстанады екен.

Koloner (3)

– Анам өте өнерлі адам, тоқыма тоқып, іс тігеді. Менде бұдан басқа тоқымамен де айналысамын. Мезгілге байланысты сұраныстар болғанда түрлі қолғап, малақай, шұлықтарға дейін тоқимын. Қазір декреттік демалыстамын, аяқталған соң кәсібімді дамытып жұмыстанғым келеді. Шағын дүкен ашып, тауарларымды көпшілікке ұсынсам деген жоспарым бар, – дейді Асылзада.

Қазақтың қолөнерін үйреніп, заманға сай шыңдап жүрген шебердің жұмыстары шынымен көз қызықтырады. Анасынан дарыған қасиетін дамытып, көпшіліктің сұранысына сай әшекей бұйымдарын жасап жүрген шеберге сәттілік тілейміз.

Аружан Болатбекқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале