20.02.2020, 10:37
Оқылды: 102

Бәйтеректіктер эстафетаны Теректіге табыстады

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында «Тұңғыш Президент жолымен...» халық экспедициясының эстафетасын бәйтеректіктер Теректі ауданына салтанатты түрде табыстады.

Теректі 2

Бәйтерек ауданының әкімі Асхат Шахаров бастаған аудан делегациясы мен БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовты Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов бастаған лауазымды тұлғалар Достық үйі жанында орын тепкен Азат етуші жауынгер ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Достық үйінде барлық делегация мүшелері Теректі аудандағы этно-мәдени орталықтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Экспедиция мүшелері бес диалогтық алаңға бөлінді.

«Татуласу орталығында» «Медиация және дебаттар: жанасу нүктелері» тақырыбында белсенді қоғамдық медиаторлармен өткізілген диалогтық алаңға БҚО ҚХА «Татуласу» орталығының басшысы Алуа Рахишева, медиаторлар, құқық қорғау органдары қызметкерлері қатысты. Сотта, сотқа дейінгі дауларды бейбіт жолмен шешу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылаған бұл алаңда медиаторлар өз жұмыстары жайлы айтып қана қоймай, тәжірибе де алмасты.

Ал «Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі және бүгінгі қол жеткізген нәтижелері» дөңгелек үстел отырысында қос аудандағы этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, белсенді мүшелерінің қатысуымен Достық үйінде өтті.

Теректі 5

Аудан орталығындағы қазақ мектебінде жиналған топ «Қазіргі заманғы мемлекет басшысының рөлі мен ерекшеліктері, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі» тақырыбында сөз қозғады.

БҚО ҚХА аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина қатысқан отырыста қос ауданның аналар кеңесі төрайымдары, қоғамдық бірлестіктер төрағалары, ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудан жастары қоғамдағы ана орны, жас ұрпақты тәрбиелеу жайлы өз ойларын айтты.

«Ата сөз – бата сөз» ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау, аға ұрпаққа құрмет көрсетуге тәрбиелеу, отбасы институтын қалыптастырудағы ақсақалдардың рөлі, қоғамдағы мәселелерді шешу жолдарын ортаға салған диалог алаңы «Қазына» коворкинг орталығында өтті.

«Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Берген ұлттық салт-дәстүр турасында келелі ой қозғады. БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов өңірдегі Ассамблея атқарған қадау-қадау жұмыстарға тоқталды.

Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов пен Бәйтерек ауданы әкімі Асхат Шахаров көпұлтты қос аудандағы ахуалды баяндады.

Экспедиция жұмысы аудандық мәдениет үйінде өткен Бәйтерек ауданы көркемөнерпаздарының сазды бағдарламасымен өрнектелді.

Сазды бағдарлама қорытындысында Бәйтерек ауданының әкімі Асхат Шахаров Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламановқа «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 25 жыл» кітабын салтанатты түрде табыс етіп, қос аудан басшылары естелік сыйлықтармен алмасты.

Ертай САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале