4.04.2018, 10:36
Оқылды: 55

Бақташылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелетін болады

sirimОсы жылдан бастап Жымпиты ауылдық округіндегі бақташылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелетін болады. Бұл туралы округ әкімі Арман Баяндықов кеше өткен тұрғындардың жалпы жиналысында мәлімдеді.

2018  жылдың 1 қаңтарына жүргізілген мал санағына сүйенсек, Жымпиты ауылында 2693 ірі қара малы және 5413 ұсақ мал бар. Ауылдың малы 6 бағыт бойынша жайылады. Қазіргі таңда 4 бағыт бойынша бақташылар дайын, 2  бағытта әлі ешкім ниет білдірмей отыр. Осыған дейін округ әкімдігінің бақташылармен болған кеңесінде жеке малды бағу қызметінің бағалары бекітіліпті. Жымпиты бойынша күніге өріске жіберілетін малдың басы 1000 теңгеден, жайлауларға апарып бағу бағасы мал басына 1300 теңгеден деп ұсынылып отыр. Бағалар жалпы жиналыста халық талқысына салынып, келісілді.

Мәселе малдың бағымына тірелгенде, екі бірдей мәселе жыл сайын қылаң береді. Оның әуелгісі, кейбір бағыттарға жер көгеріп кеткенге шейін бақташының табылмайтындығы, екіншісі – аудан орталығындағы кейбір тұрғындардың бақташылардың еңбегін бермейтіні. Жоғарыда айтылған бақташылардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі жайлы әңгіме осыдан туып отыр. Округ әкімі Арман Баяндықов бұл қадамға тәртіптің болмағанынан барып отырмыз дейді. Ендігі жерде мал бағу қызметіне жүгінген тұрғын жеке кәсіпкермен келісімшарт жасасып, бір тарап малдың амандығын мойынына алса, екінші тарап қызметтің ақысын уақтылы төлеуге міндеттелетін болады.

Жаз шыға бағымсыз жүрген малдар ауылдың көшелерін аралай бастайды. Биылдан бастап аудан орталығының көшелерін кезіп жүретін осындай малдар бірден «тұтқынға алынады». Малдың иесі өзінің түлігін малдәрігерлік құжат арқылы ғана, оның үстіне «қамауда» болған уақыттың құнын төлегеннен кейін барып қайтара алады. Ойлап қарағанда, бақташыдан қызғанған ақшаның екі-үш есесі айыппұлға кететін сияқты.

Жымпиты ауылдық округінің экологиялық ахуалы жайлы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев айтты. Былтыр Жымпиты бойынша 15 қоқыс контейнері қойылды. 2018 жылы бұл жұмыстар жаңа қарқынмен, жаңа әдіспен жалғасады.

Осы сияқты тұрғындар ветеринарлық шаралардың орындалуы, газ тарату мекемесінен апатты жағдайларда қызмет ететін кезекші бөлім ұйымдастыру, Ә.Молдағұлова көшесіне автокөлік және жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салу сияқты мәселелер бойынша ұсыныстар айтты.

Биыл Жымпиты ауылында демеушілер жаңа мұсылмандар мешітінің құрылысын бастамақ. Жалпы жиналыста ауыл тұрғындарына жаңа нысанның сәулет жоспары таныстырылды. Тұрғындар діни ошақтың салынуына қолдау білдіруде.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале