6.12.2019, 12:48
Оқылды: 109

Баланың бесігі – кең дүниенің есігі

Ақжайық ауданы Базаршолан ауылында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлағатты ұрпақ ұясы – бесіктің қадірін білеміз бе?» тақырыбында ауыл тұрғындарының арасында өткен ток-шоу өткізіліп, ата-бабамыз қастерлеген бесіктің тек тұрмыстық бұйым ғана емес, ұрпақ өсірудің маңызды мұрасы екені жан-жақты талқыланды.

DSC_0018

Аталмыш шараның өткізілуіне Елбасының бастамасы ұйытқы болса, сонымен қатар баланы бесікке бөлеуге құлықсыз бәз біреулердің оның қадірін түйсінбей, қоқыстың жәшігіне еш қиналмай лақтыра салатындары себеп болды.

Дана халқымыз «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді», «Бесіксіз үйде береке жоқ», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие– тал бесіктен басталады» деп, ел ертеңін осы құндылықпен байланыстырып отырған. Тіпті кіндік қаны тамған жерін де «Туған жер – алтын бесігім» деп те айтады. Міне, осы орайда шараның жас буынға берер тәлімі мол болғанын көрермен қауымның шара соңында айтқан алғыстарынан ақ білуге болады.

Ұлағатты шараға ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, «Шалқыма» әжелер ансамбльінің жетекшісі Орынша Ермұханованың ұйытқы болғанын ерекше атап өту керек. Шараның алдында ол мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірлесіп, ауылдағы өнегелі отбасылардың естелік әңгімелерін видео таспаға түсіріп, шара барысында көрермен назарына ұсынды.

Шара қонақтары зейнеткер көп балалы аналар - бір шаңыраққа үш келін ұстап отырған, ауылда көп жылдар бойы акушер болып қызмет еткен Света Рахметова, жас әже Нұргүл Дәріпова, Динара Байжиенова мен жас ана Дәмелі Төлеуғалиевалар халқымыз қастерлеген бесіктің бесіктің, ең алдымен, баланың тазалығына, аяқ қолы мен денесінің түзу болып қалыптасуына тигізер пайдасы зор екенін әңгімеледі.

С.Рахметова өзінің ұзақ жылдар бойғы қызметінде талай сәбидің өмірге аман келуіне себепкер болғанын, сол сәбилердің көз алдында өсіп, туған жерінің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүргенін айтты. Олардың бәрі де бесіктен тербеліп, жетілді. «Бесіктің медициналық тұрғыдан да пайдасы көл-көсір», - деді ол. «Оған арнайы орнатылған түбек пен шүмек баланың таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл үнемі үй шаруашылығымен сабылып жүретін анаға ыңғайлы, әрі бесіктегі баланың денесіне дымқыл өтпей, құрғақ болады. Тербелген бесік күн ыстықта салқын болса, күн суықта жылы. Бөленген нәресте көп қозғалмай таза, тыныш жатып, оның дене мүшелері бір қалыпты өсіп, жетіледі.

Егіздердің анасы Нұргүл мен Дәмелі де ата-әкелерінің бесігі отбасылық жәдігер ретінде сақталып келгенін, бүгінде оған өз сәбилерін бөлеп, бесік жырымен тербетіп отырғандарын айтты. «Бесіктегі сәбиге ана әлдиі әбден сіңетінін әжем үнемі аузынан тастамайтын. Бесік жырын тыңдаған баланың бойына ұлттық қасиет дариды екен», - деп бөлісті Д.Төлеуғалиева. Одан бөлек, сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тіл-көзден сақтайды деген сенім де бар. Тізе берсек, бесік баланың өсіп-жетілуінде зор маңызға ие.

Талбесікті бүгінде жарнаманың құрбанына айналып, памперспен алмастырып жатқанымыз, оның сәби денсаулығына зиянды екенін, ұлттық құндылықтарымызды арамызға оралту қажеттігі де ой-талқыға арқау болды.

Шара соңында пікір білдірген аудандық мәслихат депутаты Қанапия Таспаев ұлттық салт-дәстүрді ұлағаттап, бесіктің қадірін жиналған жастарға жіті түсіндірген аналарға алғысын арнады.

Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен. Ендеше, кең дүниенің есігін ашатын қасиетті бесігімізді бүгінгі ұрпақ төрге шығарып, қадірін білсе, нұр.

Жанболат Серікқалиев

Базаршолан ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале