25.05.2020, 16:52
Оқылды: 554

Баланың көңілі анада, ананың көңілі далада


«Көгалды қуып гөлайттап» баладан безген безбүйрек

2632A3E8-BE2E-4232-BD04-6F8435D6F7B6

Бұрын ата-анамыз үй шаруасымен айналысып, күндіз-түні еңбектеніп, әйтеуір жарғақ құлақтары жастыққа тимейтін. Күйбең тіршіліктің соңында жүрсе де бала тәрбиесіне көңіл бөліп отыратын. Мәселен, әкемізді алайықшы, қора-қопсы жөндеп, мал азығын дайындап, тал-терек отырғызып, сондай-ақ бала-шағаның қамы деп бірқатар шарауаның басын қайыратын. Қолы қалт еткенде «балаларым білімсіз болмасын» деп кітапханаға жетектеп, кітап оқуға тәрбиелейтін. Ал анамыз ше? Таңсәріден сиыр сауып, сүт тартып, май-қаймақ дайындап, құрт қайнатып, бидай қуырып, тары түйетін. Жүн түтіп, балаларға киім тоқып жатады. Мінекей, ата-анамыздың тынымсыз еңбекқорлығы, үй шаруасын дөңгелетіп жүруі біздің санамызда осылайша сақталып қалды. Олардың еңбегі – бізге үлгі-өнеге! «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, көргенімізді іліп ұштық. Олардың көңілі балада бола-тұғын. Естеріңізде ме, «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» дейтін едік қой. Ал қазіргі таңда бұл сөздің өңі өзгеріп өзекті өртейтіні өкінішті-ақ?! Біз бүгін керісінше, «Баланың көңілі анада, ананың көңілі далада» деп айтуымызға тура келіп тұр. Неге?

Жалпы балаларынан безген безбүйрек аналардың жағдайы – қоғамның бас ауыртар ең өзекті мәселесіне айналды. Сәбилерін туа сала лақтырып кететін аналарды көріп етіміз үйренді. Ал кәмелет жасқа толмаған балаларының көзін бақырайтып тұрып үйінен кетіп қалатын аналардың саны күн санап күрт өсуде. Бір сөзбен айтқанда, тасжүрек ананың перзенттерін тәрбиелемей, «көгалды қуып гөлайттап» жүргені көңілге қаяу салуда. Ондай аналардың көбі «балаларымызды асыраудың қамымен үйден кеттік» дегенді айтады. Сөйтсек, бұл тек сылтау болып шықты. Олардың дені ішімдікке үйір, жеңіл жүрісті қалайтын, сәл қиыншылыққа төзе алмай, сабыр сақтамайтын аналар екен. Үйінен өтірік сылтаумен кетіп тынған аналарды отбасы, бала-шағаның жағдайы мүлдем ойландырмайды. Өздерінің қара басын күйттеп кеткен олар жүре-бара балаларының бар-жоғына да қарамай, қолды бір-ақ сілтейді. Айта кетейік, Теректі ауданы бойынша қолайсыз 13 отбасы тіркеуде тұр. Бұл туралы Теректі аудандық ІІБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция майоры Сәуле Жиеналиева мәлім етті.

8AA32FFE-93B4-4809-BBE4-5B60C1F8670F

–Ананың мейірімі мен жылуына мұқтаж балалардың тұрмыс-жағдайын білім беру бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп анықтап, тексеріс жүргізіп отырамыз. Мұндай отбасы ұдайы біздің қадағалауымызда. Шыны керек, балаларын тастап кететін ата-аналардың дені ащы судың жетегінде жүргендер. Мәселен, біз қазіргі уақытта бір отбасының 4 баласын қаладағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жібердік. Ал әке-шешесін ата-ана құқығынан уақытша айыруға жолдадық. Өйткені ата-ана балаларына қарамай отыр, – дейді полиция майоры.

Теректі аудандық білім беру бөлімінің қамқоршылық, қорғаншылық істері жөнінде бас маманы Бибінұр Жұмағазиева:

59315061-6883-4B39-A72B-9589C08B7D19

–Қоғамда бала тәрбиесіне жауапсыз қарайтын, міндеттерін тиісінше орындамайтын ата-аналар бар. Соңғы 5 жыл ішінде міндеттерін орындамайтын 50-ден аса ата-ананың ісі аудандық кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, түрлі шаралар қабылданды. Сондай-ақ көмек көрсетіліп, ескертулер берілді. Әкімшілік жауапкершілікке  тартылып, айыппұл салынды. Айталық, 22 ата-ананың ісі сотта қаралып, ата-аналық құқығынан шектеу және айыру туралы шешім шығарылды. Биыл баласынан безген аналар саны көбейіп отыр. Мәселен, Социализм ауылында бір ана өткен күзден бері жоқ. Балаларын тастап кеткен. Оның қызы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында отыр. Ішімдік ішетін ата-аналар азаймай тұр, әсіресе аналар, – дейді бас маман.

Міне, «Ана» деген қасиетті де ардақты атқа кір келтіріп жүрген осындай жандармен қоғам қалай ғана алға қарай жылжиды? Қоғамның дамуына бөгет болған бұлардың ойланатын кезі қашан?

Адам ұрпағымен көрікті

CF64E147-3045-4F88-962D-F3FB1C309F87

Осы мәселе төңірегінде теолог Бағдат Адайханмен тілдескен едік. –«Балаларыңды асыраудан қорқып,  тірідей көмбеңдер. Әр баланың ризық-несібесін Алла тағала өзі жеткізеді» делінген Құранда. Сондықтан да әр ана баланы асыраудан қорықпау қажет. Халқымызда «Дүниеге бір перзент келсе, бір қозы артық туады. Бір қозы туылса, бір уыс шөп артық шығады» деген дана сөз бар. Ұға білетін жанға, мұның астарында терең мән-мағына жатыр. Бала – өмірдің мәні, ұрпақ жалғастырушы. Әркім өзінің туған баласына дұрыс тәлім-тәрбие беруі керек. Тар құрсағын кеңейтіп, тоғыз ай көтеріп,  дүниеге әкелген баласын бағып-қағудан қашатын аналардың іс-әрекетін түсінбеймін өз басым. Мұндай аналардың санасының төмендігі деп ойлаймын. Оларды ата-аналық құқығынан айыру қажет,– дейді ол.

Бақыт балалы үйге қонады

Бауырында өз баласы бола тұра,  бақытты басқа жерден іздейтін ана шаңырақтың шырайын енгізбек түгілі, отбасын ойран ететіні айдан-анық. Мұндай жанды ана деуге ауыз бармайды. Бір өкініштісі, баланы дүниеге әкеліп, олардың  еш алаңсыз өсіп-өнуіне жағдай жасамай, қит етсе тағдырын кінәлай шығатын аналардың саны көбеюде. Психолог Мейрамгүл Сыдықова дәл осылай дейді. Оның айтуынша, кәмелет жасқа толмаған балаларынан бас тартқан аналардың өмірі одан әрі жақсы болып кетпейді. Өйткені үйде қалған баланың көз жасы жібермейді. Ал үйінен безген аналар «бақыттың балалы үйге қонатынын» біле бермейді.–Психологиялық тұрғыдан қарағанда, мұндай аналардың ішкі жан дүниесінде бір кінәрат болатыны белгілі. Мұндай жағдайдағы анаға көп нәрсе әсер етуі мүмкін. Сосын олар іштей мүжіліп үйден тұра қашады. Тіпті, бауыр еті – баласын да ойламайды. Тек жан тыныштығын іздейді. Олай болмайды мүлде. Ең күрделі дейтін мәселенің әркез шешімі болады. Негізі, осындай жағдайға душар болған аналар бірден бәрін тастай қашпай, дәрігерлер мен психолог мамандарға көрінгені абзал. Ешкіммен ақылдаспай, жан-жаққа қашып жүре берсе,  елде жарасымды жанұя қалмай қалады ғой. Бәрін де ақылға салып, ойлану керек. Балаларын жылатып, көздерін жәудіретіп тастап кету ойыншық емес. Мұндай жанұяда өскен баланың да көңіліне кірбің түсері хақ. Сондықтан «балам» деп өмір сүретін ана әр қадамын аңдып басып,  бала бойына сапалы білім мен саналы тәрбиені сіңіруге тер төгуді ойлағаны жөн,  – дейді сала маманы.

Уа, тасжүрек ана, балаңа бір сәт қара!

Күллі әлемдегі ең ардақты да, аяулы жан - Ана!  Тоғыз ай құрсағында көтерген сәбиді мына жарық дүниеге әкелдің екен, ендеше балаңды аялы алақанға салып, бар мейірім шуағынды шашып, тәрбилеуге тиіссің! Бұл — әр ананың парызы. Міне, осыны ұғыншы, баладан безген безбүйрек! «Ана» деген асыл сөздің киесі ұрмасын десеңіз, балаңа бір сәт қара, уа, тасжүрек ана!

Самал Жамет

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале