21.02.2018, 14:19
Оқылды: 20

Баласына бейқам қараған анаға айыппұл салынды

Ақжайық ауданының №2 сотында Қазталов ауданында 1996 жылы дүниеге келген Сәжімайды (есімі өзгертілді) әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде іс қаралды.

Іс ӘҚБтК-нің 127-бабы, 1-бөлігі (кәмелетке толмағандардың құқығына қол сұғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар, ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы, ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеудi орындамауы) бойынша жүрді.

Ол 2016 жылғы ұлы Бекбайды (есімі өзгертілді) бағып, тәрбиелеу жөніндегі міндетін 1,5 ай дәлелді себепсіз орындамаған. Яғни, ұлын 2015 жылғы сәуір айынан азаматтық некедегі жұбайының (олар Орал қаласында пәтер жалдап тұрған) Ақжайық ауданының Алмалы ауылында тұратын анасына 2017 жылғы 24 желтоқсанда тастап, өзі Орал қаласына кеткен. Ол содан Алмалыдағы бұл кісімен телефон арқылы тек бір рет, 30 желтоқсанда хабарласқан (Сәжімайдың полицияға берген түсініктемесінде ол азаматтық некедегі күйеуі оны тастап кеткенін, күнкөріс қиындағанын айтқан).

Ақыры жұбайының анасы Сәжімайдың телефонын сөндіріп тастап, хабарсыз кетуіне байланысты оны тауып беруді сұрап, полицияға арыз жазған. Ол денсаулығына, сондай-ақ үйінде басқа да кішкентайлардың, үлкен-кішінің болуына байланысты сәбиді бағудан бас тартады, қолында Бекбайдың ешқандай құжаты жоқ болады. 2018 жылдың қаңтар айының 26-сы күні сырқаттанып қалған баланы Алмалыдағы полиция инспекторы ауруханаға жеткізген. Күтімсіздігі көрініп тұрған сәбиге медицина қызметкерлері барынша жағдай жасайды, тіпті танымайтын тұрғындар, кәсіпкерлер сәбидің жағдайын естіп, оған қамқорлық көрсетеді, ауруханаға тамақтарын әкеледі. Сәжімайды полиция Оралдан біраз жерден іздестіріп, сабылады.

Сот мәжілісінде әйел өз кінәсін мойындамай, жұбайының анасына оның келісімі бойынша жаз айларына дейін уақытша тастағанын айтты. Оралда әр жерде жұмыс істейтінін, өзі келіп баласын көруге мүлдем мүмкіндігі болмағанын, тек биылғы 2 ақпанда полиция қызметкері хабарласып, Бекбайдың ауруханада екенін айтқанын, сондықтан 9 ақпаннан бері баласының қасында – ауруханада екенін әңгімеледі.

Сот отырысында құжаттар зерделеніп, полиция баянхаттарымен әйелдің кінәсі толық дәлелденді. Ата Заңымыздың 27-бабы, 2-тармағына сәйкес, балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу ата-ананың міндеті екені белгілі. Сәжімайға 7 айлық есептік көрсеткіш – 16835 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Еркін РАЙ

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале