28.07.2020, 14:52
Оқылды: 53

«Банка жабайын десем, көкөніс қымбат...»

Тұздалған, қытырлақ қияр мен қызанақ, түрлі салат пен компот, шырын ішкенді әркімнің жаны сүйеді. Қыстың қамын жазда ойлайтын ақ жаулықты аналар, келіндер биыл банка жабуды бастай алмай отыр. Өйткені ауылдағы жеміс-жидек пен көкөніс бағасы аспандағы айды сұратып отыр.

37571393-5CA7-4098-B148-A65BDF438A81

- Былтыр 300-ге жуық банка жауып едім. Биыл ештеңе жаппадым. Біріншіден, әлемді жаулаған жаман індет күнделікті өміріміздің шырайын кетірді. Көп адамның жұмысы тоқтап қалды. Ақшадан қиналып кеттік. Екіншіден, жемістің бағасы түспей тұр. Оның үстіне шекара да жабық. Жылда қызанақ, қияр секілді көкөністерді Ресейден әкеліп, сататын еді. Қазір жағдай қиын. Әзірге банка жабамын ба, жаппаймын ба, белгісіз,- дейді Жәнібек ауылының тұрғыны Светлана Жолдыбаева.

Базар сөрелерінде сырттан әкелінген жемістердің бағасының шарықтап тұрғаны бірден көзге түседі. Мысалы, өріктің бір келісі 600 теңге, егер бір жәшігін алғыңыз келсе сатушылар келісін 500 теңгеге беруге әзір. Бірақ жәшіктің ішінде 8-10 келі жеміс болғандықтан, құны қалтаға салмақ түсіреді. Базарда жеміс-жидек сататын нүктелер де аз. Бұны ондағы сатушылар карантин режимімен байланыстырып отыр.

7BCD7B4C-6711-4E7D-81AB-0EF051AA651F

«Әлем» базарында жеміс-жидек, көкөніс сататын саудагер Барша Ғұбашева былай дейді: «Көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы бұған дейін қатты көтерілген емес. Бұл бірінші рет болып тұр. Шекараның жабылуы жағдайды қиындатты. Ресейден тасымал тез әрі арзан болатын еді. Ал қазір көкөніс түрлерінің түгелге жуығы сонау екі мың шақырымдағы Шымкенттен келеді. Бір аптаға жуық жол жүреді. Жәнібекке жеткенше бұзылады және бағасы да қымбат болады. Менің жеке көлігім жоқ. Сол себепті, маған екі есе қиынға соғады. Мінекей, тауарды әкелдік. Бірақ жеміс-жидектің тең жартысы езіліп кетті. Амал жоқ, қатты езіліп кеткендерінен өзіме тосап қайнатып аламын. Сенбі, жексенбі күндері базарларды тағы да жабайын деп жатыр. Екі күнде сатылмаған тауар бұзылады деген сөз. Тұтынушыларға да, бізге де қиын».

5E9832FD-07C9-4CED-87B7-7AD75A909906

Базарда бір келі қызанақ 400, кей дүкендерде 465 теңгеден сатылуда. Ал қиярдың бағасы 170 пен 220 теңге аралығында. Сырттан әкелінген алма 700 теңгеден саудаланса, бақша алмасы 480-550 теңгеден сатылып жатыр. Қарбыздың келісі 200 теңге. Сол себепті, тұтынушылардың басым бөлігі банка жабудан гөрі дайын өнімді алғанды ұтымдырақ санауда.

-Мен жыл сайын қысқа 60-70 банка жабамын. Әдеттегіше жеміс-жидек бағасының арзандағанын күттім. Онымен бағаның түсетін түрі жоқ. Оның үстіне еккен бақшам да өнім бермей қойды. Биыл қыстың қамын жазда ойлай алмайтын сияқтымыз ғой, - дейді Жәнібек ауылының батыс бетінде тұратын Жанаргүл Ибрашева.

-Жеміс-жидек пен көкөністің қымбаттауы оның жетіспеушілігінен. Алдымен шекара жабылды. Көбіне Жәнібектік саудагерлер көкөністі Ресейден әкеледі. Ауданымыз облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан, жеміс-жидек ауылға жеткенше езіліп кетеді. Сондықтан саудагерлер бұзылған тауардың есесін қайтару үшін бағаны көтереді. Жылда әртүрлі жағдай болады. Бір жылдары қуаңшылық болса, биыл шекара жабық. Осының бәріне дайын болу үшін алдын ала қамдану керек. Мысалы тез бұзылатын өнімді таситын арнайы автокөлік болуы қажет. Ал өзіміздің бақшадағы өнімге келетін болсақ, биыл қыс болған жоқ. Дәлірек айтсам, ақпан, наурыз айлары жылы болса, сәуір айы айтарлықтай салқындады. Мамыр айында, нағыз бақша отырғызатын уақытта ауа райы 0 градусқа дейін суытқан күндер болды. Сол себептен, көп адамның еңбегі зая кетті, - дейді ауылдың байырғы тұрғыны Наталья Сажина.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рустам Аманғалиевтің айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңызға ие азық-түлік саналатын 19 өнімнің арасында картоп пен орамжапырақ, сәбіз бен пияз ғана бар. Бірақ бұл тізімде қызанақ пен қияр секілді көкөністер жоқ. Олардың бағасын ешкім реттемейді, бұл тауарларды ешкім қадағаламайды, мониторинг жүргізілмейді екен. Бағаның өсуіне шекараның жабылуы үлкен әсерін тигізуде.

Түйін. Дәрігерлердің айтуынша, әр адам күніне 400 грамм жеміс-жидек жеуі қажет. Әсіресе қазір иммунитет көтеру үшін ағзаға дәрумен ішу маңызды. Қарбыз маусымы басталды. Онымен жәнібектіктер бұл өнімді де тұтынуға асығар емес. Өйткені келісі 200 теңгеден түспейді. Ағзаны дәруменмен байытқымыз-ақ келеді. Ол да қалтаға салмақ түсіріп тұр...

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале