26.06.2020, 10:28
Оқылды: 71

Баспа - еңбек баспалдағы

Жылдағы дәстүрмен маусым келсе, кәсіби мерекеміз - журналистер күні де келеді. Бір қарағанда айтарлықтай қиын көрінбейтін газетті шығару ісінде тек «журналистер зыр жүгіреді» деп ойлайды көбісі. Бірақ нағыз еңбек уақытпен санаспай еңбек ететін корректор мен баспагерлерде екенін айта кетуіміз керек.

A0B8F1EE-5211-494F-84B6-3F05AC5B5710

Біздің «Сырым елі» газеті де өзіне қалтқысыз еңбек еткен ардақты жандарды мақтан тұтады. 

Ауданға танымал баспагер, жайсаңдығы жамандардың мысын басқан ер, Қазақстан Республикасы Баспа, Полиграфия, Кітап, Сауда істері жөніндегі мемлекеттік комитет тарапынан берілген «Үздік баспагер» атағының иегері, қадірлі Қален Мұрадымов жайында үлкен келіні Ақкүміс Мұрадымова:

- Өзім әкесіз өскендіктен, келін болып түскеннен маған туған қыздарынан артық қарамаса, кем қарамады. Қарапайым, балажан, ешқашан дауыс көтеріп, қабақ шытпайтын әкеміз жұмысқа дегенде уақытпен санаспайтын. Демалыста үйде болып, қолы қалт еткенде әрбіріне еркелетіп айдар таққан бала-шағаны құшағына алып, бір жасап қалатын. Ол аз десеңіз, бізге жанашырлығы ғой, үй шаруасына білек сыбана кірісіп кетуші еді. Жаны тыныштық табатын сүйікті ісі – балық аулау болатын. Аулаған олжасын аудандағы кафе-мейрамханаларға саттыққа да әкелетін.

Әке-анамыз шаңырағында 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеген, - дейді Қален ағамыз жайында естелік айтып.

- Қален аға нағыз еңбекқор жан еді. Олай айтуымның да өзіндік сыры бар. Өйткені жұмысқа ерте келіп, отбасына іңір қараңғысы түсе оралуы баспагер ағаның бойына сіңген қасиет еді.

Тіпті, баспа машинасында аяғымен тік тұрып аптасына үш рет шығатын газет таралымын, түрлі тапсырыстарды үзіліссіз басудың өзі ерлікпен пара-пар іс болатын, - деп еске алады әріптес інісі Мүсірбек Айташев.

Еңбек жолын баспа саласына арнаған, Шымкент қаласындағы полиграфиялық училищесінде білім алып, Тасқаланың «Екпін» баспаханасында тәжірибеден өтіп, өмірлік серігін Жымпитының газетінен жолықтырған Ботагөз Нұғманованың да баспахана үшін орны бөлек.

043E08F3-39E1-40F4-A941-D0A2213AFC98

 - "Екпінде" елеулі қызмет етіп жүрген мені 1978 жылы ақпанда Орал қаласындағы басқарма басшылары іссапармен Жымпиты ауылына баспаханаға көмекке жіберді. Сонда екі айдай еңбек етіп, Жымпитыдағы баспаханаға линотипистка болып жұмыс жасадым. Ол кезде линотип мәшинесінде газетті теріп, басып шығаратынбыз. Темірдей тәртіп, таңмен жарысып газет беттерін райкомның бірінші хатшысына тапсыруым керек болатын. Қысқасы, «қазаны қайнаған» жұмыс еді ғой.

Тек ол ғана емес, жастық жалын мен жігердің жанып тұрған кезі ғой. Аудандық кеңестің депутаты болып та көрдім. Сол кезде баспахананы аманат етіп арқалап, жаңа редакцияға да бой үйреттік.

Өмірлік серігім, балаларымның асқар тауы, сол кездегі газетіміздің жауапты хатшысы, қаламы қарымды журналист, ақын М.Кажиахметовпен отау құрып, үш баланы өмірге әкелдік. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін ақпарат майданында маңдай тер төгеміз деп зыр жүгірсек те, балаларымызға уақыт табуға тырысатынбыз. Қала берді, біз жұмысқа кеткенде шиеттей балалармен қайын сіңлім Гүлнар отыратын. Сөйтіп, өскен балаларымыз бүгінде бір-бір үйдің отауын нық ұстап отырған атпал азаматтар, - деп еске алады Ботагөз Хайрошқызы.

Бүкіл еңбек жолын баспаға арнап, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мамандықты абыроймен алып жүрудің өзі бір ерлік.

Әрине, біздің заман теру мәшинесінен ада, себебі қолымызда кез келген желіге қолжетімді ұялы телефонымыз, су жаңа, соңғы үлгідегі компьютеріміз бар.

Аға буын салып кеткен сара жол бізге, ұрпақтарға зор үлгі, мақтаныш. Сол мұраны абыроймен алып жүру - бізге парыз.

Қазіргі ұжымымызда айрандай ұйып отырған азғантай адам болсақ та, әрбірінің орны бір төбе.

Біздің мақсат - олардың атын өшірмей, келер ұрпаққа өнеге қылу.

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале